Абай рухына тағзым: Майра Ильясованың туған топырағына арнаған шығармашылық кеші
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында қазақ музыкасының дарабозы, Қазақстанның халық әртісі Майра Ильясованың «Айналдым, елім» атты шығармашылық концерті Абай атындағы театр сахнасында өтті. Бұл кеш – өнер иесінің туған еліне деген сағынышы мен шексіз құрметін білдірген тағылымды концерт болды.

Концерт барысында Майра Ильясова Абайдың өміршең шығармаларына құрылған әндерді және қазақ музыка өнерінің інжу-маржандарын нақышына келтіре орындап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Әнші өз өнерімен бірнеше буын тыңдаушының жүрегінен орын алып, ұлттық өнердің дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірегей тұлға екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Зал көрермендерге лық толды. Тыңдарман қауымның қошеметі, ыстық ықыласы – Майра Ильясованың шығармашылығына деген үлкен құрметтің көрінісі іспетті. Бұл концерт – рухани жаңғыру мен ұлттық мұраны ұлықтаудың айқын үлгісі.

Шығармашылық кеш тек Семей қаласымен шектелмейді. Гастрольдік сапар аясында концерттік бағдарлама 3–6 тамыз күндері Үржар, Аягөз, Жарма және Жаңасемей аудандарында жалғасын табады. Бұл іс-шаралар арқылы Абай еліндегі рухани өмір жанданып, ұлттық өнерге деген құрмет арта түспек.

Бұл Майра Ильясованың туған жеріндегі жай ғана концерт емес, өнер арқылы елге тағзым, халықпен қауышу, ұлттық рухты жаңғырту кеші болды.
#Семей, #Абайская область, #концерт