Курчатовтағы әскери бөлім 60-қа жуық жас сарбазбен толықты

Курчатовтағы әскери бөлім 60-қа жуық жас сарбазбен толықты

Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақырылған жас сарбаздар Ұлттық ұланның Курчатов қаласындағы 3514 әскери бөліміне келіп жетті. Жалпы әскери бөлімге 60-қа жуық жас толым қабылданды,-деп хабарлайды abaidan.kz «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскер қатарына жаңадан қосылған сарбаздарды әскери өмірге бейімдеу мақсатында бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Әскери психологтар әр сарбазбен жеке сұхбат өткізіп, жан-жақты зерделеуден өткізеді. Кейін олар әскери қызметтің негіздерін меңгеру үшін взвод командирлеріне табысталады.

     — Жас толымды теміржол вокзалынан салтанатты жағдайда қарсы алдық. Оларды әскери бөлім басшылығы мен оқу пунктінің әкімшілігі жылы қабылдады. Сарбаздарға әскери бөлімнің негізгі міндеттері түсіндіріліп, бөлімнің және Ұлттық ұланның тарихы мазмұнды түрде баяндалды, — деді 3514 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Сәбит Молдабеков.

Сарбаздарды зерделеу барысында олардың білім деңгейіне, мамандығының болуына, іскерлік және жеке қасиеттеріне баса назар аударылады. Жоспарға сәйкес, жас толым бір айлық бастапқы әскери дайындық курсынан өтеді.

Жас сарбаздар үшін Отан алдындағы борышты өтеу – азаматтық парыз және басты міндеттердің бірі. Олар алдағы бір жыл ішінде шыңдалып, нағыз ер азамат әрі кәсіби әскери маман болып қалыптасуға ниетті.

Айта кетейік, жас сарбаздардың әскери ант қабылдау рәсімі шілде айына жоспарланған.Стратегиялық маңызы зор аймақты қорғауға жауапты 3514 әскери бөлімінің жеке құрамы өздеріне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып келеді.


#"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы, #сарбаз