Бүгін Семей қаласында «Адал адам – Адал еңбек» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шара жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамтуға, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік беруге бағытталды. Жобаға 40 кәсіпорын қатысып, 300-дей бос жұмыс орындары ұсынылды.

Аталған жоба Абай облысы Семей қаласының прокуратурасы мен қала әкімдігінің бірлескен бастамасы негізінде жүзеге асырылуда. Жәрмеңкені Семей қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен Мансап орталығы Абай облысы Семей қаласының прокуратурасымен бірлесіп ұйымдастырды.

Басты мақсат – жұмыс іздеп жүрген азаматтарды жұмыс берушілермен тікелей байланыстырып, тұрақты еңбекпен қамту. Әсіресе мүгедектігі бар адамдарға, пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарға ерекше көңіл бөлінді.
Абай облысында халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылға өңір бойынша 13 324 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның 11 206-сы жұмыспен қамтылып, жоспардың 84,1 пайызы орындалды. Семей қаласында еңбек нарығын тұрақтандыру және тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша нақты көрсеткіштер бар. Биыл қала бойынша 5 193 азаматты жұмыспен қамту жоспарланған болса, қазіргі таңда 4 650 азамат жұмысқа орналастырылды. Осылайша жоспар 89,5 пайызға орындалды,-дейді Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығы директоры Руслан Оспанов.
Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Мүгедектігі бар адамдарды еңбекке тарту мақсатында 20 кәсіпорында 163 жұмыс орны қарастырылған. Қазіргі таңда осы бағыт бойынша 7 азамат жұмысқа орналасты.

Сонымен қатар пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарды және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру үшін 9 кәсіпорында 40 жұмыс орны жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін квота бойынша 8 азамат жұмысқа орналастырылып, бос жұмыс орындары бойынша тағы 3 азамат жұмысқа орналасуға жолданды.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайтудың тиімді тетіктерінің бірі. Мұндай іс-шаралар барысында азаматтар бірнеше жұмыс берушімен бір жерде кездесіп, еңбек жағдайлары мен талаптары туралы тікелей ақпарат алып, өз білімі мен тәжірибесіне сәйкес келетін жұмыс орнын таңдай алады,-деді Абай облысы Еңбек мобильділігі орталығы директоры Руслан Оспанов.
«Адал адам – Адал еңбек» жобасы аясындағы бұл бастама еңбекке орналасуға мұқтаж азаматтарға нақты қолдау көрсетіп қана қоймай, олардың қоғамға белсенді араласуына, тұрақты табысқа қол жеткізуіне және өмір сапасын арттыруына жол ашады.

Алдағы уақытта да Семей қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту, еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты үйлестіру, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.





