Мәдениет 97 қаралымabaidan.kz

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығында ұлы ойшыл, ақын, аудармашы, тарихшы, сазгер, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының дүниеден өткеніне 95 жыл толуына орай «Дала данышпаны» атты көрме ұйымдастырылды. Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, зерттеушілер, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты. Көрменің басты мақсаты – Шәкәрім Құдайбердіұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын тарихи-деректік материалдар негізінде кеңінен таныстыру, ойшылдың ұлттық руханияттағы орнын айшықтау және кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасын насихаттау.

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

«Дала данышпаны» көрмесінен Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылық жолына қатысты архив құжаттары, тарихи фотосуреттер, ақын есімі мен шығармашылығының ақталуына байланысты деректер, Ахат Құдайбердіұлының архивінен алынған құжаттар мен қолжазбалар, сондай-ақ Шәкәрімнің өмірі мен мұрасына қатысты тарихи-мәдени жәдігерлер орын алды.

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

Көрменің ашылуында Абай музейінің директоры Ұлан Сағадиев Шәкәрімнің өмір жолы мен ұлттық тарихтағы орнына тоқталып, бұл күннің мәні тек бір тұлғаны еске алумен шектелмейтінін атап өтті.

«Бүгінгі күн – біз үшін, қазақ қоғамы үшін, қазақ руханияты үшін қасіретті де, қасиетті күн. Себебі 1931 жылы, осыдан 95 жыл бұрын, ақын Шәкәрім Құдайбердіұлы Бақанас өзенінің бойында кеңес өкіметінің кереғар саясатының нәтижесінде қаза тапты. Оның асыл денесі құрқұдыққа тасталып, сол жерде шамамен 30 жыл жатты. Арада жылдар өткен соң ұлы Ахат Шәкәрімұлы әке рухына тағзым етіп, Бақанас өзені бойындағы құдықтан әкесінің сүйегін өзі алып шығып, Жидебайға арулап жерледі», – деді музей директоры.

Ұлан Сағадиев Шәкәрімнің қазасын қазақтың ой әлеміне, ұлттық философиясына жасалған үлкен қасірет ретінде бағалап, ойшыл мұрасын тек еске алу күндерімен шектемей, оның аманатына адалдықпен дәріптеу қажеттігін айтты.

«Бұл күнді біз ұмытпауымыз керек, еске алуымыз керек. Бұл тек қана бір ақынның, бір философтың, бір дананың дүниеден өтуі ғана емес. Бұл – жалпы қазақтың ой әлеміне, қазақ философиясына жасалған үлкен қасірет деп білуіміз керек. Сондықтан бүгінгі күні біз Шәкәрімнің ар ілімін, философиясын, өлеңдерін, зерттеулерін, оның қазақ тарихына, Алаш тарихына, қазақ қоғамына сіңірген еңбегін кеңінен насихаттауымыз қажет. Біз оны тек туған күні немесе өмірден өткен күнімен ғана шектемей, ұлы ақын рухына деген тағзымды оның өлеңдерін оқып, жаттаумен ғана емес, сол аманатына адал болумен көрсетуіміз керек», – деді Ұлан Сағадиев.

Шара барысында алаштанушы, филология ғылымдарының кандидаты, Шәкәрімтану мәселелеріне арналған сериялық ғылыми жинақтың құрастырушысы әрі «Шәкәрім Құдайбердіұлы» энциклопедиясының құрастырушы-редакторы Тұрдықұл Шаңбай да сөз сөйлеп, Шәкәрім мұрасын ғылыми тұрғыдан зерделеудің маңызына тоқталды.

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

Ғалым музей қорына «Шәкәрім Құдайбердіұлы» энциклопедиясының бір данасын арнайы табыстады. Бұл еңбек – Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылық жолын, қоғамдық-рухани қызметін, ғылыми және философиялық көзқарастарын жүйелі түрде танып-білуге мүмкіндік беретін құнды ғылыми басылымдардың бірі.

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

Көрме барысында көпшілік назарына ұсынылған тарихи құжаттар мен жәдігерлер Шәкәрімнің сан қырлы шығармашылық тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Ақынның қолжазбалары мен архивтік материалдары оның өмір сүрген дәуірі, шығармашылық ізденістері және ұлттық ой-санаға қосқан үлесі туралы маңызды деректерді қамтиды.

«Дала данышпаны»: Шәкәрім мұрасы ұлықталды

Шәкәрім Құдайбердіұлының мұрасы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани қазына. Оның ар-ұждан, адамгершілік, әділет, білім мен ғылым туралы ойлары бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Дала данышпаны» көрмесі – ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығын тарихи деректер арқылы қайта зерделеп, оның рухани мұрасын жас ұрпаққа таныстыруға бағытталған тағылымды мәдени шара болды.