«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Берік Уәлиұлы білім беру саласының өкілдерімен кездесті

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Берік Уәлиұлы білім беру саласының өкілдерімен кездесті

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылуы аясында Абай облысының әкімі Берік Уәлиұлы білім беру саласының өкілдерімен кездесті. Жиын М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің ғимаратында өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Іс-шараға жоғары және арнаулы білім беру ұйымдарының басшылары мен оқытушылары, орта мектеп директорлары мен мұғалімдер, ардагер ұстаздар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

Мұндай ауқымды кездесу — өңірдің білім беру жүйесінде адалдық пен парасаттылықты дәріптеу бағытында жасалып жатқан нақты қадамдардың бірі.

Кездесу барысында облыс әкімі Берік Уәлиұлы «Адал азамат» бағдарламасының басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, әділдік, еңбекқорлық және адалдық секілді құндылықтарды қалыптастыру екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағдарлама тек білім саласын ғана емес, бүкіл қоғамды қамтуы тиіс.

Баршамызға қасиетті қара шаңырақ Алаштың тұңғыш білім ордасына келгеніме өте қуаныштымын. Алаш зиялыларының тарихы тұнып тұрған ғиамарат елге, ұлтқа қызмет етуде үлкен жауапкершілік жүктейтін жер. Соны көріп, сезініп сіздердің алдарыңызда толқып тұрған жайым бар. Қазақтың мықты майталмандарының барлығы осы жерде білім алды, сабақ берді. Керемет тарихи ғимарат.Мемлекетіміз үшін, еліміз үшін маңызды тарихи оқу ордасы екенін әр азамат сезінуі керек деп ойлаймын,-деді облыс басшысы. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда Абай мұрасына сүйене отырып, адал азамат тұжырымдамасының маңызын айрықша атап өткендігіне тоқталды. Президенттің озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүру керек деген сөзі барша білім саласы өкілдеріне ортақ қағида болуы тиіс деген ойын жеткізді. 

Адалдық адам баласының қай уақытта да асыл қасиеті болған. Біз жас ұрпаққа тек білім ғана беріп қоймай, ойына парасат, бойына ізгілік дарытуымыз керек.Бұл жолда ең үлкен жауапкершілік әрине, ұстаздар мен білім саласының майталмандарына жүктеледі. Бүгінгі мектеп қабырғасында берілетін тәрбие- ертеңгі ел болмысының айнасы болмақ. Бүгінгі жастар – ертеңгі мемлекет тірегі. Сол себепті біз оларды сапалы біліммен қатар, рухани-адамгершілік құндылықтарға да баулуымыз керек. «Адал азамат» бағдарламасы осы бағыттағы маңызды құралға айналуы тиіс, – деді Берік Уәлиұлы.

Кездесу аясында педагогтар мен студенттер тәрбие жұмыстары бойынша пікірлерін ортаға салды. 

Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, ардагер ұстаз Алма Сайдахметқызы Шүкіжанова білім мен тәрбиенің ажырамас бөлігі ретінде математиканың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, математикалық білім – оқушыны тек есеп шығаруға емес, нақты ойлауға, дәл шешім қабылдауға, өмірлік мәселелерге жауапкершілікпен қарауға үйрететін қуатты құрал.

«Математика – тек пән емес, ол – тәрбие құралы. Ол баланы тәртіпке, логикаға және жүйелі жұмысқа баулиды. Сондықтан нақты істерге бейім ұрпақ тәрбиелеу үшін бізге математиканы дұрыс әрі қызықты түрде оқыту қажет», – дейді ұстаз.

Облыстық педагогикалық қызметкерлер ардагерлер кеңесінің төрайымы Мәдениет Ахметованың айтуынша, қазіргі қоғамда бала тәрбиесі тек мектептің немесе ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болуы тиіс. 

"Бала – ұлт болашағы. Оны тек біліммен емес, адамгершілік, рухани-мәдени құндылықтармен тәрбиелеуіміз қажет. Біртұтас тәрбие дегеніміз – отбасындағы, мектептегі, қоғамдағы тәрбие жұмысының өзара байланысып, үйлесімді жүргізілуі," – дейді ардагер ұстаз.

Сонымен қатар Әкелер мектебі, Бөбекжайдан балабақшаға дейінгі тәрбие, жастардың азаматтық белсенділігін арттыру жөнінде ой-пікірлер ортаға салынып, ауылдық жерлерде мамандар тапшылығын жою, Семей қаласындағы Биологиялық орталықтың жағдайына қатысты ұсыныстар айтылды. 

Облыс басшысы айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

Айта кетейік, «Адал азамат» бағдарламасы еліміз бойынша қолға алынған рухани-адамгершілік бағыттағы ірі жобалардың бірі болып саналады. Мұндай бастамалар ел болашағына жауапты ұрпақ тәрбиелеуде ерекше маңызға ие.


#Абай облысы, #білім беру, #Абай облысының әкімі