12 наурыздан бастап жаңа түзетулер күшіне енді: көлік жүргізушілері үшін не өзгереді?
Бүгін, 12 наурызда бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 31-бабына енгізілген өзгерістер күшіне енді, деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі KAZ.NUR.KZ сілтеме жасап. Бұған дейін ІІМ мәлімдегендей, ӘҚБтК-нің 31-бабына енгізілген өзгерістер қаңтарда қабылданған жаңа "Цифрлық кодекспен" байланысты.
Ведомство жаңа тыйым енгізілмейтінін, тек бұрыннан бар құқық бұзушылықтарды анықтаудың техникалық мүмкіндіктері кеңейтілетінін түсіндірген еді.
Бұрын автоматты түрде яғни бейнебақылау жүйелері арқылы алты түрлі құқық бұзушылық тіркелетін, олар:
- жылдамдықты арттыру;
- бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту;
- жол белгілері мен таңбаларының талаптарын сақтамау;
- тоқтау және тұру қағидаларын бұзу;
- озу және жолдың жүру бөліктерінде орналасу қағидаларын бұзу;
- жаяу жүргіншілерге жол бермеу.
Қалған құқық бұзушылықтарды полиция қызметкері анықтайтын.
Енді бүгіннен бастап заңнамаға енгізілген жаңа түзетеулер аясында құқық бұзушылықтарды тіркеудің үш тәсілі көзделіп отыр.
- қолданыстағы бейнекамералар, бұзушылықтарды бұрынғыдай тіркеуді жалғастырады;
- автоматты тіркеу жүйелері, арнайы өлшеуді қажет етпейтін өзге де бұзушылықтарды анықтай алады, мысалы, рөлде телефон пайдалану немесе белдік тақпау;
- Әкімшілік құқық бұзушылықтың бірыңғай тізілімі жүйесімен біріктірілген мемлекеттік деректер базаларын пайдалану. Бұл құжаттарға қатысты бұзушылықтарды автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді, яғни техникалық байқаудың мерзімінің өтуі, сақтандыру полисінің болмауы, қаруды сақтауға берілген рұқсат мерзімінің аяқталуы және басқа да жағдайлар.
Сонымен қатар жүйе заңнамада ескерту қарастырылған құқық бұзушылықтар бойынша автоматты түрде ескерту шығарып бере алады. Бұрын мұндай құқық бұзушылықтарды полиция қызметкері өзі тіркеп және материалды рәсімдеу үшін қолмен жазатын. Мысалы, жолда кептеліс тудыру, сыртқы жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау және басқа да жолда жүру қағидаларын бұзу жағдайлары.
Сондай-ақ ІІМ 12 наурыздан бастап автоматты камералар жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерді де анықтап жауапкершілікке тартады деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеген болатын.
"Бұл жүйелер тек көлік жүргізушілері тарапынан жасалған жолда жүру қағидаларын бұзуды анықтауға арналған", - деп түсіндірді ІІМ өкілі.
#МВД РК, #автомашина, #Закон и порядок