Абай облысының әкімі Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбековпен кездесті

Абай облысының әкімі Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбековпен кездесті

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі күйші, Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы облыстық филармонияның директоры Секен Тұрысбековпен кездесті. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды. Кездесу барысында өңірдегі мәдениет, руханият, ұлттық өнерді насихаттау және филармония ұжымының шығармашылық қызметін кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, алдағы мәдени іс-шараларды өткізу және өнер ұжымдарының гастрольдік сапарларын ұйымдастыру бағыттары қарастырылды. 

Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония – Семей облысымыздағы жетекші мәдениет ошақтарының бірі. Мекеме өңірдегі кәсіби музыкалық өнерді дамытуға, ұлттық мәдени мұраны насихаттауға және көрерменге сапалы концерттік бағдарламалар ұсынуға бағытталған. Былтыр филармония ұжымы 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Өнер ордасы осы уақыт ішінде өңірдің мәдениетіне елеулі үлес қосып, кәсіби өнер ұжымдарын қалыптастырып, көптеген талантты музыканттар мен әншілердің шығармашылық дамуына ықпал етті. Бүгінде мұнда мәдениет саласының үздік мамандары, кәсіби музыканттар, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары еңбек етеді. Филармония құрамында «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі, эстрадалық-симфониялық оркестр, «Дала үні» акапелла тобы, «Дала сазы» этно-фольклорлық ансамблі, «Тұмар» би ансамблі және вокалдық-аспаптық ансамбль жұмыс істейді. 

Секен Тұрысбеков кездесуде Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияның Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз мерекесіне орай «Көктемім менің, көктемім» атты мерекелік кеш ұйымдастыруға әзірленіп жатқанын айтты. Концерт Наурызнаманың 10 күндігі аясында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күні – 16 наурызда өтеді. Кеште Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбек, филармония өнерпаздары және ҚР мәдениет саласының үздігі Бибігүл Қилымхан өнер көрсетеді. Аймақ басшысы өңірдің мәдениет саласында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын атап өтіп, кездесуде айтылған ұсыныс-пікірлердің назарға алынатынын айтты.


#Семей, #Аким области Абай, #Секен Турысбек, #Берик Уали