«Семей Инжиниринг» АҚ ұжымы Жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді
Семей қаласында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Абай облыстық филиалы жаңа Конституция жобасын түсіндіру бағытындағы кездесулерін жалғастыруда. Осындай кездесулердің бірі отандық өндірістегі жетекші кәсіпорындардың бірі – «Семей Инжиниринг» АҚ ұжымымен өтті.

«Семей Инжиниринг» АҚ Қазақстандағы бронетанкалық техниканы күрделі жөндеу және жаңғырту бойынша жетекші кәсіпорындардың бірі. Компания қызметтің толық циклін жүзеге асырады: қозғалтқыштарды жөндеу, қосалқы бөлшектер мен резеңке-техникалық бұйымдарды өндіру, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігінің қажеттіліктері үшін цифрлық байланыс құралдарын енгізу жұмыстарын атқарады.

Кездесу барысында коалиция өкілдері Ермек Әбілмәжінов, Еркен Сағандықов және Қуаныш Сүлейменов кәсіпорын қызметкерлеріне Халықтық Конституция жобасының негізгі қағидаттары туралы кеңінен ақпарат берді. Олар жаңа Конституция жобасының басты мақсаты – елдегі әділеттілік қағидаттарын нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейту, сондай-ақ экономикалық дамудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыру екенін атап өтті.

Өз кезегінде «Семей Инжиниринг» АҚ ұжымы еліміздің болашағына бағытталған конституциялық жаңғыру бастамаларын қолдайтынын білдірді. Кәсіпорын қызметкерлері әділетті әрі прогрессивті Қазақстан құру жолындағы реформалардың маңыздылығына тоқталып, жаңа Конституция жобасы қоғамдағы тұрақтылықты нығайтып, елдің тұрақты әрі тиімді дамуына серпін береді деген пікір білдірді.
Коалиция мүшелері өз кезегінде өңірдегі түрлі еңбек ұжымдарымен кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сонымен қатар Халықтық Конституция жобасының мазмұны мен маңызын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жүргізілетінін жеткізді.
#Конституция, #Референдум, #Конституционная реформа