Көкпекті ауданының дамуында ілгерілеу бар
Көкпекті ауданында 2024 жылы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері айтарлықтай өскен. Бұл туралы Көкпекті ауданының әкімі Әділет Қожанбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Спикердің сөзінше, аудан экономикасы бірнеше салада жоғары өсім көрсеткен: көтерме сауда – 497,9%, инвестиция – 227%, ауыл шаруашылығы – 113,6%, өңдеу өнеркәсібі - 118,8%, құрылыс – 186,4%.

Ауданның меншікті кірістері 2023 жылы 932,6 млн теңгені құраса, 2024 жылы 1,3 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылы 1,7 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы жалпы құны 444,3 млн теңгеге 15 жоба іске асқан. Оның ішінде 6,3 шақырым ауылішілік жол жөнделіп, 12 ауылда көше шамдары орнатылған. Биыл абаттандыру жұмыстарына 408,8 млн теңге қарастырылып, 11 ауылда спорт алаңдары мен балалар ойын алаңдары орнатылмақ..

Жол жөндеу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Былтыр 349,3 млн теңгеге жолдар жөнделсе, 2025 жылы «Үлкенбөкен-Көкжайық-Үлгілімалшы» жолын орташа жөндеуге 701,6 млн теңге бөлінді. Барлығы 823,5 млн теңгеге жуық қаржы жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталады,-дейді аудан әкімі.
Тұрғын үй саласында да ілгерілеушілік бар. 2024 жылы 50 отбасы жаңа үймен қамтамасыз етілсе, 2025 жылы 58 пәтер салу жоспарлануда.

Аудан басшысының айтуынша су тасқынының алдын алу мақсатында да бірқатар шаралар атқарылған.
2024 жылы өзен арналарын тазалау және гидротехникалық құрылыстарды тексеруге 20,9 млн теңге бөлінді. Биыл бұл жұмыстарға 37,4 млн теңге қарастырылған. 2024 жылы су тасқынынан Тассай ауылына кіреберіс жолдағы «Жүзағаш» көпірі бұзылған болатын. Бүгінгі таңда жобалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама алынып, салалық басқармаға құрылысты қаржыландыруға 937 млн.теңгеге бюджеттік өтінім жіберілді. Сонымен қатар биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен көпірлер мен су құбырларын жөндеуге қаражат бөлінетін болады,-дейді Әділет Нұрсағатұлы.
Интернет және байланыс желісін жетілдіру мақсатында Биғаш ауылында радиотелефон байланысы желісінің жабдықтарынорналастыру үшін Антенна діңгек құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен – 41 млн теңге бөлінген. Өткен жылы оның 20,0 млн. теңгесі игерілген.Биыл республикалық тас жолы бойында антенна діңгек құрылыстарын салу бойынша 5 жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары аяқталуда.
Көші-қонды ынталандыру мақсатында соңғы 2 жылда ауданға 31 отбасы (109 адам) қоныс аударған. 2025 жылы кемінде 10-12 отбасыны қабылдау жоспарланып отыр.

Білім саласына 2024 жылы 88,9 млн теңге бөлініп, жаңа пән кабинеттері ашылып, мектептер мен балабақшалар жөнделген. Денсаулық сақтау нысандары да жаңартылып, 6 жаңа алғашқы медициналық - санитарлық көмек көрсету нысандары салынған. Аудандық аурухана ғимаратының қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда жерлерді түгендеу және игерілмеген жерлерді қайтару бойынша жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы 10,1 мын гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойыншажалпы көлемі 6,6 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды.

Ауыл шаруашылығы өнімділігі артып, 2024 жылы дәнді дақылдардан 74 мың тонна, майлы дақылдардан 46 мың тонна өнім жиналған. Мал саны мен асыл тұқымды шаруашылықтар өсіп келеді.
Өнеркәсіп саласында алтын-күміс өндіретін «Eastern Gold» жұмыс істеуде. «Goldstone Minerals» алтын және платиноид өндіру бойынша жұмысын қайта бастайды.Сонымен қатар, никель және мыс кен орындарын барлау жұмыстары жүргізілуде.

Ауданға жеке инвестиция арқылы балабақша, қонақ үй, стоматологиялық емхана сынды нысандар салу жоспарланған.

Жалпы, жүзеге асырылып жатқан жобалар ауданның дамуына оң әсер етіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.
#Абайская область, #Кокпектинский район