Семейдің жаңа келбетін қалыптастыратын үш нысанның құрылысы басталды
Семей қаласында бой көтеретін жаңа әкімшілік-іскерлік орталық аумағында үш бірдей әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы басталды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Құрылыс алаңдарын аралаған Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл жобалардың өңірдің дамуына серпін беріп, қаланың жаңа келбетіне айналатынын атап өтті.

Алдымен аймақ басшысы республикалық «Абайға құрмет» акциясы аясында Алматы қаласының тартуы ретінде салынып жатқан Медиа орталықтың құрылысымен танысты. Заманауи талаптарға сай салынатын төрт қабатты ғимаратта бейне және аудиостудиялар, монтаждау бөлмелері, конференц-зал, кинозал, коворкинг кеңістіктері, медиа-кітапхана мен демалыс аймақтары орналасады. Сонымен қатар журналистер аллеясы да қарастырылған.


Облыс әкімі журналистердің кәсіби мерекесі қарсаңында басталған бұл жобаның өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары саласы үшін ерекше маңызға ие екенін айтты.
– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында үш бірдей нысанның құрылысы басталып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні қарсаңында Алматы қаласының тартуы – Медиа орталық құрылысының басталуы өңір журналистері үшін жақсы жаңалық болды деп ойлаймын. Жобаның архитектуралық келбеті де ерекше. Бұл нысан болашақта «Smart City» ауданының көркін ашатын маңызды орталықтардың біріне айналады, – деді Берік Уәли.
Сондай-ақ әкім Шымкент қаласының тартуы ретінде салынып жатқан Шығармашылық орталықтың құрылыс барысын көрді. Үш қабатты ғимаратта музыкалық, хореографиялық және бейнелеу өнері бағыттары бойынша білім берілмек. 150 оқушыға арналған орталық балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға және сапалы қосымша білім алуына мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Павлодар облысының тартуы – Үстел теннисі орталығының құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Екі қабатты спорт кешенінде жаттығу залдары, көрермендер трибуналары, медициналық және әкімшілік кабинеттер қарастырылған.


Берік Уәли бұл нысанның өңір спорты үшін аса маңызды екенін атап өтті.
– Павлодар облысының тартуы болып отырған теннис орталығы – өңіріміз үшін аса қажетті нысан. Бүгінде облысымызда мұндай заманауи орталық жоқ. Сондықтан бұл жоба бұқаралық спортты дамытуға және жас спортшыларды қолдауға үлкен мүмкіндік береді. Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауымыз қажет. Барлық жұмыстар тұрақты бақылауда болады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай-ақ «Абайға құрмет» акциясына қолдау көрсеткен Алматы және Шымкент қалаларының, сондай-ақ Павлодар облысының әкімдіктеріне өңір тұрғындары атынан алғыс білдірді.

Жалпы жобаға сәйкес Семей қаласының оң жағалауында аумағы 1000 гектар болатын жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салынады. Мұнда 3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй, 1,2 миллион шаршы метр әкімшілік және коммерциялық нысандар бой көтереді. Болашақта жаңа ауданда 75 мыңнан астам адам тұрады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар мәдениет, білім, денсаулық сақтау, спорт салаларына арналған нысандар, қонақ үйлер, мейрамханалар, бизнес орталықтар мен заманауи қоғамдық кеңістіктерді қамтитын 40-тан астам жоба жүзеге асырылады. Осылайша, Семейде басталған жаңа құрылыс жобалары қаланың инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, өңірдің әлеуметтік, мәдени және экономикалық әлеуетін арттыруға да қызмет етпек.
#Семей, #Абайская область, #строительство