Семейде «Halyk-пен қаржылық сауат» семинар-тренингі өтті

Семейде «Halyk-пен қаржылық сауат» семинар-тренингі өтті

Семей қаласында Түркітілдес журналистер қоры мен Halyk Bank серіктестігімен жүзеге асырылып жатқан “Halyk-пен қаржылық сауат” жобасы аясында семинар өтті. Шараға арнайы қатысқан Абай облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Жарқын Түсіпбекұлы, Halyk Bank Абай облыстық филиалының директоры Алмат Данкенов пен оның орынбасары Болат Қыстаубаев қатысушыларға сәттілік тілеп, жобаның маңыздылығына тоқталды.

— Қаржылық сауат — қазіргі қоғам үшін ауадай қажет. Ол әрбір азаматтың жеке өмірі мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы білімді үнемі жаңартып, жетілдіріп отыру аса маңызды, — деді Жарқын Түсіпбекұлы.
 

Бұл жоба 2023 жылы Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан және Шымкент қалаларында өткізілсе, биылғы жылдың жоспарына Орал, Қостанай, Семей, Тараз және Өскемен қалалары енген.


-Біздің қазақ журналистерінің басты мақсаты — қазақ қоғамын өз сауатын арттыра отырып, қазақ қоғамын қаржылық тұрғыдан арттыру. Медиа этикаға байланысты қазір хайп қуу, өкінішке қарай, көбейген. Одан кейін жасанды интеллект арқылы жазылған ақпараттарда әсіре діншілдік немесе рассизм, біреудің құқығын таптау сияқты деректер жиі кездеседі,-дейді Түркітілдес журналистер қорының президенті Нәзия Жоямергенқызы.

Жоба аясында өңірлік семинарлармен қатар, ZOOM платформасында қаржылық сауат тақырыбында онлайн вебинарлар да ұйымдастырылмақ. Бұл семинарлар журналистердің қаржы саласындағы білімін арттырып қана қоймай, оларды қаржылық сауаттылықты насихаттауға ынталандыруды көздейді.

Мамандардың айтуынша, киберқауіпсіздікті сақтау үшін бейтаныс сілтемелерге өтпеу, қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктеу, күмәнді нөмірлерден келген қоңырауға жауап бермеу және жеке деректерді бөгде адамдарға бермеу маңызды. Әлеуметтік желідегі жалған сауалнамалар мен ұтыс ойындардан да сақ болу қажет.

-Семинар қорытындысы бойынша мақала жазып, сюжет дайындаған журналистер «Еркін сөз – 2025» шығармашылық байқауына қатысуға мүмкіндік алады. Жеңімпаздар 2025 жылдың 11–14 қараша аралығында Алматы қаласында өтетін VI Халықаралық түркітілдес журналистер медиа форумына арнайы шақырылады.

Аталған форумға Қазақстанның барлық аймақтарынан, сондай-ақ Орталық Азия елдерінен, Түркия, Бельгия, Нидерланд, Германия, Франция, Австралия сынды шет мемлекеттерден бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен журналистері, қоғам қайраткерлері, депутаттар қатысады,-дейді қор президенті

Бұл бастама – қаржылық сауатты арттырумен қатар, сапалы журналистиканы дамытуға, халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды қадам.


#Семей, #Фонд тюркоязычных журналистов, #финансы, #мошенник