Абай облысының делегациясы «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық конференциясына қатысып жатыр

Абай облысының делегациясы «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық конференциясына қатысып жатыр

Бүгін Қытай Халық Республикасының Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай қаласында «Үлкен Алтай – 2026» халықаралық субөңіраралық ынтымақтастық конференциясы басталды. Жүзден астам адамнан құралған өңір делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Чэнь Сяоцзянның төрағалығымен өтіп жатқан конференцияға қатысуда. Маңызды іс-шараға еліміздің Шығыс Қазақстан облысының, сондай-ақ, Қытайдың, Ресейдің, Моңғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның және Түркіменстанның өкілдері де шақырылған. Жиынды ашқан Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы облыстармен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді. Конференцияда облыс әкімі Берік Уәлидің атынан облыстық мәслихат төрағасы Шалқар Байбеков сөз сөйлеп, баяндама жасады. Абай облысының инвестициялық мүмкіндіктеріне тоқталып, Қытаймен және Ресеймен шекаралас аймақ ретінде облыстың халықаралық бағыттарға ашық, көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтты. 

«Былтыр Алтай қаласында алғаш рет өткен «Үлкен Алтай» халықаралық субконференциясы Абай облысы мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Осы маңызды шараға Қазақстаннан, оның ішінде Абай облысынан 100-ден астам адамнан құралған ең үлкен делегация келді. Сол сапар аясында жалпы құны 1,5 млрд АҚШ долларын құрайтын 15 меморандумға қол қойылып, өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізі қалыптасты», – деді ол.

Былтырғы келісімдердің аясында қытайлық серіктестердің қатысуымен жалпы құны 1,1 млрд АҚШ долларынан асатын алты ірі инвестициялық жобаны іске асыру басталды. Олардың қатарында «SUTO Kazakhstan» компаниясының чиптер мен электрондық құрылғылар өндіретін индустриялық паркі, «XinYi Ltd» компаниясының сауда-логистикалық кешені, «Universal SM» компаниясының ағаш өңдеу кешені, сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздері мен агроөнеркәсіп салаларындағы бірлескен жобалар бар. 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында Абай облысы мен Қытайдың шекаралық аймақтары арасындағы тауар айналымы 760,1 миллион АҚШ долларына жетті. Оның ішінде экспорт көлемі 686,6 миллион АҚШ долларын, импорт көлемі 84,9 миллион АҚШ долларын құрады. Абай облысы мен Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесі арасында 250 шақырымнан астам шекара бар. Екі елдің шекарасында «Бақты» кеден бекеті жұмыс істейді. Өңірдің инвестициялық әлеуеті жоғары. Абай облысының инвестициялық пулындағы жобалар саны 29-дан 112-ге дейін ұлғайып, жалпы көлемі 8,6 млрд АҚШ долларына жетті. Өткен жылы құны 47 млн АҚШ долларын құрайтын 15 жоба іске қосылып, 391 жаңа жұмыс орны ашылған. Биыл жалпы құны 257 млн АҚШ долларынан асатын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда қытай капиталының қатысуымен мыс балқыту зауыты, «Аягөз – Бақты» теміржол желісі, жел электр станциясы, сауда-логистикалық кешен және «Бақты» индустриялық аймағы секілді стратегиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. 

«Абай облысы – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ашылған, жаңадан құрылған өңір болғанымен әлеуеті жоғары. Облыс стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі бағыттарының қиылысында, яғни, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Ресей, Қазақстан және Қытайды жалғайтын «Омбы-Майқапшағай» жолы біздің өңір арқылы өтеді. Табиғи ресурстарымыз, өндірістік инфрақұрылымымыз және географиялық орналасуымыз өңірдің тұрақты өсіміне, инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз қалайды. Абай облысы агроөнеркәсіп, тау-кен және туризм салаларын дамытуды басты бағыт етіп отыр. Әсіресе туризм саласында өзара тиімді ынтымақтастық үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Бұл ретте Қытай Халық Республикасымен шекараға жақын орналасқан суы шипалы Алакөл туристік нысан ретінде айрықша мәнге ие», – деді Шалқар Байбеков.

Мәслихат төрағасы облыс әкімі Берік Уәлидің атынан сөйлеген сөзінде шет елдік инвесторларды Абай облысындағы туристік орындарға инвестиция құюға шақырып, жергілікті әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін айтты.


#Абайская область, #Китай