Абай облысында «Таза су айдындары» акциясы өтті
Абай облысында мамыр айы бойы «Таза Қазақстан – Таза су айдындары» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Семей балық инспекциясының бас маманы Нұрболат Мұқышев мәлімдеді.
Акция барысында Жаңа Семей ауданындағы Шүлбі су қоймасында, Ертіс өзенінде және Жаңасемей ауданының Бұлақ ауылындағы Шар өзенінде тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған балық инспекциясының мамандары, кәсіпорын қызметкерлері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Нәтижесінде су айдындарынан иесіз балық аулау құралдары жойылып, жағалаулардан 4,7 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
- «Акцияның басты мақсаты – су айдындарын тазарту ғана емес, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Табиғатты қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті. Сондықтан мұндай шараларға жастарды кеңінен тартуға ерекше көңіл бөлінуде», - деді спикер.
Сонымен қатар қатысушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза су айдындары» акциясының маңыздылығы туралы ашық сабақтар мен түсіндіру жұмыстары өткізілді.
Мамандардың айтуынша, мұндай экологиялық акциялар табиғатты қорғауға және су айдындарының тазалығын сақтауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады. Акция жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.
#Экология, #Абайская область, #Акция" Таза Қазақстан"