Бигелді Ғабдуллин: Рамазан — ішкі өзгеріс пен рухани тәртіп айы

Бигелді Ғабдуллин: Рамазан — ішкі өзгеріс пен рухани тәртіп айы

Жазушы,блогер  Бигелді Ғабдуллиннің пікірінше, 19 ақпанда басталатын қасиетті Рамазан айы мұсылмандар үшін тек ораза ұстау кезеңі ғана емес, өмірдің рухани қырын қайта бағалауға мүмкіндік беретін ерекше уақыт. Бұл ай 20 наурызға дейін жалғасып, Ораза айт мерекесімен аяқталады,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі. Ол Рамазанды «тоқтау айы» деп сипаттайды. Алайда бұл тоқтау тәнге емес, ең алдымен ой мен ниетке қатысты. Оның айтуынша, осы кезеңде адам күнделікті дағдының автоматизмінен шығып, өз сөзін, іс-әрекетін, ниетін және жүрегіндегі күйді қайта қарауға мүмкіндік алады. Бұл — ішкі тәртіп пен өзін-өзі бақылауды қалыптастыратын маңызды кезең.

Оразаның мәні таңнан кешке дейін ішіп-жеуден тыйылумен шектелмейді. Рамазан — сабырды күшейту, иманды нығайту, дөрекілік, өтірік, өсек пен бос сөзден аулақ болу арқылы мінез-құлықты тәрбиелеу айы. Бұл ретте басты өлшем — адамның не жемегені емес, не айтпағаны, не ойламағаны және жүрегіне нені жолатпағаны,-дейді ол.

Рамазан айында артық тұтыну мәселесіне де назар аудару қажет екенін айтады. Бұл тек тағамды шектеумен шектелмейді. Ақпаратты, эмоцияны, көрсетпелі әрекеттерді, менмендікті тежеу де — оразаның рухына сай. Оның айтуынша, Рамазан — ішкі тыныштық, жинақылық пен өлшем айы, адамды барға шүкір етуге және қанағатқа тәрбиелейді. Сондай-ақ Қазақстан қоғамында Рамазан айының әлеуметтік байланысты нығайтатын ерекше кезеңге айналғанын атап өтеді. Бірге ауызашар жасау, жақындарға, көршілерге, әріптестерге көңіл бөлу — ораза ұстамайтын адамдар үшін де құрмет пен ықыластың белгісі. Бұл ретте ауызашардың құндылығы дастарханның молдығында емес, ортақ ас пен рухани бірлікте.

Алайда соңғы жылдары ауызашардың шынайы мәні кейде көлеңкеде қалып жатқанын да жоққа шығармайды. Әлеуметтік желілерде сән-салтанатты дастархандарды көрсету үрдісінің көбеюі ауызашарды жарысқа айналдыруы мүмкін. Бұл құбылыс, оның пікірінше, оразаның негізгі қағидалары — сабыр мен шектеуге қайшы келеді.

Оның айтуынша, ауызашар — той емес, терең мағынаға ие тыныш рәсім. Мұнда қарапайымдылық, шынайылық, дұға мен ойға мән беру басты орында тұруы тиіс. Көрсетпелі молшылық оразаның тәрбиелік мәнін әлсіретеді.

Қорытындылай келе, Бигелді Ғабдуллин  Рамазан айын сыртқы әрекеттерден гөрі ішкі өзгеріске бағытталған кезең ретінде бағалайды. 

Егер осы айдан кейін адам сабырлырақ, айналасына мұқият, өзіне адалырақ бола түссе — оразаның шынайы нәтижесі сол. Ал мұндай өзгеріс болмаса, қасиетті айдың ең маңызды мәні ескерусіз қалғаны анық,-деп жазады.


#религия, #месяц Рамадан, #Ораза айт