Абай облысында 65 жаңа медицина нысаны салынып жатыр
Абай облысында ауылдық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Ұлттық пилоттық жоба аясында 2023–2025 жылдары өңірде 65 жаңа алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны салынуда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғат Молдабеков мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінде 62 нысанның құрылысы аяқталып, қабылдау-тапсыру рәсімдері жүргізілген.
– Өткен жылы Үкімет резервінен 12,6 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлініп, толық игерілді. Биыл қалған үш нысан – Үржар мен Ақсуат аудандарындағы (Қожагелді және Аққала ауылдарында) медициналық пункттер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 8 нысанда құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың қатарында Аягөз ауданындағы реанимация бөлімшесі мен МРТ ғимараты, сондай-ақ Үржар ауданындағы емдеу орталығы бар. Қазіргі таңда 57 нысан санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алып, 51 мекеме лицензияланған, – деді Талғат Молдабеков.
Басқарма басшысының айтуынша, Жаңасемей ауданында 14 жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Бұл жобалар ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, сапасын жақсартуға бағытталған.
Сондай-ақ соңғы екі жылда өңірдегі 25 медициналық мекеме күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 16 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуі жоспарланып отыр.