Семейдегі 5 мектепте «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен инклюзия кабинеттері ашылады
Семей қаласында ерекше білім беру қажеттілігі бар шамамен 300 балаға қолдау көрсетілмек. Бұл – қаладағы осы санаттағы балалардың 25% жуығы. Арнайы инклюзия кабинеттері №3, №13, №17, №20 және №47 жалпы білім беретін мектептерде ашылады. Осы аптада аталған білім ошақтарында жөндеу және қайта жабдықтау жұмыстары басталды. Осындай кабинеттер жаңа оқу жылында Ақтөбе қаласындағы10 мектепте де пайдалануға беріледі.
Жаңа білім беру кеңістігі Samruk-Kazyna Trust қоры мен инклюзивті білім беру саласының мамандары әзірлеген жаңартылған тұжырымдама негізінде ұйымдастырылады. Кабинеттер ашық кеңістік (open space) форматында жасақталып, дефектолог, логопед және психолог мамандарға арналған арнайы аймақтарды қамтиды. Сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілетін дамыту үшін қыш шеберханасы ашылады. Бұдан бөлек, заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген емдік дене шынықтыру кабинеті жұмыс істейді. Әр кабинеттің аумағы кемінде 60 шаршы метр болады. Сонымен қатар бір жыл ішінде педагогтер мен бейінді мамандар арнайы оқытудан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырады.

15 кабинетті жөндеу, жабдықтау және мамандарды оқыту жұмыстарына жалпы 524 миллион теңге бағытталады. Оның 271 миллион теңгесі биыл 3 мамырда Астанада өткен «Charity Samruk Marathon» қайырымдылық марафонына қатысқан 3 мың адам және 50-ден астам серіктестің қолдауымен жиналған қаражат есебінен бөлінеді. Қалған қаржы Samruk-Kazyna Trust қорының бюджетінен қарастырылады.
Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының атынан еліміздегі бірыңғай қайырымдылық операторы арқылы 31 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істеп тұр. Оның 21-і Астанада, ал бесеуден Ақмола және Атырау облыстарында орналасқан. Бұл кабинеттерде екі мыңнан астам ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушы тұрақты түрде қолдау алады.