Облыс әкімі Семейдегі спорт нысандарының мәселелерімен танысты

Облыс әкімі Семейдегі спорт нысандарының мәселелерімен танысты

Облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы бірнеше спорт мекемесін аралап, өзекті мәселелерімен танысты. 

Аймақ басшысы әуелі №2 олимпиадалық резервтің балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған спорт мектебіне барды. Мұнда 677 бала 11 спорт түрі бойынша жаттығады. Спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда 451 медаль жеңіп алған.

 Мектепте екі спорт залы бар. Алайда спорттық және көркем гимнастика залдары заман талабына сай келмейді. Спортшылар үстел теннисімен жертөледе айналысады.

 Кикбоксинг, таэквондо, ауыр атлетика сынды басқа спорт түрлерінің өкілдері білім мекемелерінде немесе жеке залдарда жаттығуға мәжбүр. Сондықтан нысанға қосымша ғимарат салу қажеттігі туындап отыр. Аймақ басшысына негізгі ғимаратқа жапсарластыра салынатын нысанның жобасы таныстырылды. 

Облыс әкімі дене шынықтыру және спорт басқармасының ғимаратында да болды. Мұнда басқармаға қарасты 11 спорттық мекеме орналасқан. 380 адам жұмыс істейді. Нысан 1985 жылы салынған. Содан бері жөндеу көрмеген. Футбол залы да жаңғыртуды қажет етеді. Осы ғимаратта аймақ басшысына басқарманың тапсырысымен әзірленген ақпараттық портал таныстырылды. Порталдың мақсаты - өңірдегі спортқа бейім балаларды анықтау. Жоба барлық мектептермен бірлесе жүзеге асырылады. Облыс әкімі бастаманы қолдап, ақпараттық порталды іске қосу қажеттігін айтты. 

Аймақ басшысы қазіргі уақытта бос тұрған, бұрынғы колледж ғимаратын да аралап көрді. Спорт басқармасы өкілдері облыс әкіміне мұнда ғимаратқа зәру спорт түрлері бойынша залдар ашу туралы ұсыныс білдірді. 

АБАЙ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ


#Абай облысы, #Спорт, #Абай облысының әкімі