Бірыңғай конкурстық комиссия отырысының №2 хаттамасына және Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының 2026 жылғы 20 қаңтардағы №9 бұйрығына сәйкес, Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының «Абай атындағы театр» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры қызметіне Нартай Сауданбекұлы тағайындалды,- деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Нартай Сауданбекұлы Сарсебаев 1977 жылы 22 қарашада Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген. Ол — кино және театр актері, жазушы, драматург, аудармашы, тележүргізуші әрі дубляж актері. Өнер саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болған. Осы уақытқа дейін Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының актері ретінде көрерменге кеңінен танылды.
Нартай Сауданбекұлының жалпы еңбек өтілі — 27 жыл. Ол драматургия саласында да елеулі табыстарға қол жеткізген. Оның «Аманат», «Алыптар», «Мұқағали мен Нұрғиса» пьесалары Батыс Қазақстан өңірінің театр сахналарында қойылды. Сонымен қатар «Шемен», «Аманат», «Алыптар», «Қамбардың тасы», «Система», «Тасбақа Үміт» атты пьесалардың, сондай-ақ онға жуық көркем аударманың авторы.

Өнердегі жетістіктері түрлі беделді марапаттармен бағаланған. Атап айтқанда, 2010 жылы «ҚР Мәдениет қайраткері» атағын иеленсе, 2012 жылы «Ізденіс іздері» фестивалінде және Ортаазиялық театр фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды. 2022 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы беріліп, сол жылы «ГОК» жобасындағы Арман Кибарев рөлі үшін «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты болды. 2023 жылы Ш. Жандарбекова атындағы республикалық фестивальде, ал 2024 жылы Ш. Айтматов атындағы халықаралық театр фестивалінде «Ең үздік ер адам бейнесі» номинациясын жеңіп алды.

Нартай Сауданбекұлы медиа саласында да белсенді еңбек еткен. 2018–2020 жылдары Қазақ радиосында «Сахна сыры» авторлық бағдарламасын жүргізсе, 2022–2023 жылдары «Ел» бағдарламасының, ал 2023–2024 жылдары «Мәртебелі өнер» бағдарламасының жүргізушісі болды.
Жаңа қызметінде Нартай Сауданбекұлы Абай атындағы театрдың шығармашылық әлеуетін арттырып, ұлттық театр өнерін дамытуға, жаңа қойылымдар мен тың жобаларды жүзеге асыруға өз үлесін қосады деген сенім бар.





