Реформа – уақыт талабы
Қоғам дамыған сайын халықтың мемлекетке деген талап-тілегі де өзгеретіні заңдылық. Бүгінгі таңда әділдік пен жауапкершілік бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Осы тұрғыдан алғанда қолға алынған реформалар – уақыт талабы. Мемлекет қоғамдағы өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, адам құқықтары мен бостандықтарын өзінің басты басымдығына айналдыруы қажет.
Жаңасемей аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Абай облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі Серік Ақышевтің айтуынша, ұсынылып отырған жобаның негізгі өзегі айқын әрі түсінікті.
Ол – заң үстемдігін күшейту, азаматтардың құқықтары мен еркіндіктерін қорғау, ел бірлігін нығайту және қоғамдық келісімді сақтау. Сонымен қатар саяси институттардың тиімділігін арттыру да халық сұранысымен толық үндесіп отыр. Бұл бастамалар мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған,-дейді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі.
Маңыздысы – бұл жоба бүкілхалықтық пікірталасқа шығарылды. Әрбір азамат өз ойын ашық айтып, ұсыныс білдіруге мүмкіндік алды. Мұндай ашықтық пен диалог – шынайы демократиялық дамудың белгісі. Өйткені өзгерістердің түпкі мақсаты ұрандату емес, нақты нәтиже беру. Халыққа жақын, жауапкершілігі жоғары, тәртіп пен адалдықты ту еткен билік қалыптастыру – бүгінгі күннің басты талабы.
Біз әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан өткердік, тәуелсіздіктің қадірін жақсы білеміз. Сондықтан ең басты құндылық – елдің бірлігі мен ұрпақтың жарқын болашағы.. Расында да, қоғамдағы барлық реформа осы мақсатқа қызмет етуі тиіс. Болашаққа сеніммен қадам басу үшін заң үстемдігі мен әділдік қағидаттары берік орнығуы қажет,-дейді Серік Ақышев.
#Абай облысы, #реформа, #Конституциялық реформа