Көкпекті ауданы 45 қаралымabaidan.kz

Көкпектіде ұлттық рух пен спорт тоғысқан фестиваль өтті

Көкпектіде ұлттық рух пен спорт тоғысқан фестиваль өтті

Көкпекті ауданында көптен күткен «Көркейген өлке – Көкпекті» спорт және мәдениет фестивалі жоғары деңгейде өтті. Ауқымды шара аудан тұрғындары мен қонақтарын ұлттық спорт, өнер және салауатты өмір салты төңірегіне топтастырды.

Фестиваль аясында «Толағай» атшабарында ұлттық спорттың көрігін қыздырған командалық көкпар мен «Толағай тұлпары» аламан бәйгесі ұйымдастырылды. Дүбірлі додада шабандоздар мен көкпаршылар өздерінің ептілігі мен шеберлігін көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.Фестивальдің салтанатты ашылуына Абай облысы әкімінің орынбасары Мейірлан Ақылбекұлы Раханов қатысып, облыс әкімі Берік Уәлиұлының атынан көкпектіліктерді айтулы шараның ашылуымен құттықтады.

Көкпектіде ұлттық рух пен спорт тоғысқан фестиваль өтті

– «Көркейген өлке – Көкпекті» фестивалі – елдің бірлігін бекемдеп, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды шара. Спорт пен мәдениетті қатар ұлықтау – өскелең ұрпаққа өнеге. Осындай игі бастамалардың жалғаса беруіне тілектеспіз, – деген ізгі тілектер айтылды.Шара барысында фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсетіп, ұлттық спорт пен мәдениетті дәріптеуге үлес қосқан демеушілерге алғыс білдірілді. Белсенді азаматтар мен демеушілерге арнайы алғыс хаттар табысталды.

Көкпектіде ұлттық рух пен спорт тоғысқан фестиваль өтті

Фестиваль бағдарламасындағы тағы бір маңызды шара – жүгіру марафоны. Бұқаралық спортты насихаттаған марафонға әр жастағы аудан тұрғындары қатысып, өзара бақ сынады.

Марафонда Көкпектіде тұратын 76 жастағы Өмірзақ Жолдығұлов 62 жастан асқан ерлер арасында жүлделі бірінші орынға ие болды. Жасына қарамастан спорттан қол үзбей, жүгіру сайысында топ жарған ақсақалдың жеңісі көпшілікке ерекше әсер қалдырды.Өмірзақ атаның жеңісіне үйдегі апамыз да ерекше қуанды. Жарыс бойы жалынды жанкүйер болып, ақсақалын барынша қолдап отырған от анасының қуанышы да көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұйымдастырушылар ақ жаулықты анаға да құрмет көрсетіп, арнайы медаль тақтыБұл сәт фестивальдің тек жарыс пен жүлдеге ғана емес, адамды жігерлендіретін, үлкенге құрмет, кішіге үлгі болатын тағылымды шара екенін аңғартты.76 жастағы Өмірзақ атаның марафондағы жеңісі – жасқа қарамай спортпен шұғылдануға, белсенді өмір салтын ұстануға болатындығының жарқын мысалы. Ал оны жарыс бойы қолдаған апамыздың жанкүйерлігі отбасыдағы өзара қолдау мен сыйластықтың әдемі көрінісіне айналды.

Көкпектіде ұлттық рух пен спорт тоғысқан фестиваль өтті

«Көркейген өлке – Көкпекті» фестивалі осылайша ұлттық спорт пен бұқаралық спортты, мәдениет пен салт-дәстүрді тоғыстырған тағылымды шара ретінде көпшіліктің көңілінен шықты. Фестивальдегі әрбір жарыс пен әрбір жеңіс аудан тұрғындарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, ел ішіндегі бірлік пен ынтымақты айшықтай түсті.