Жастарды мемлекеттік қызметке кәсіби бағдарлау – бірыңғай кадр саясатының маңызды бағыты

Жастарды мемлекеттік қызметке кәсіби бағдарлау – бірыңғай кадр саясатының маңызды бағыты

Мемлекеттік аппараттың тиімді жұмыс істеуі кәсіби кадрлар құрамына тікелей байланысты. Қазақстан Республикасының заңнамасында мемлекеттік қызметке қабылдаудың бірнеше тетігі қарастырылған. Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 15-бабында конкурстан

тыс мемлекеттік қызметке орналасу жағдайлары белгіленген.

Мемлекеттік қызмет жүйесіне жас мамандарды тарту – кадр саясатының маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты жоғары оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс негізінде GPA 3,33 және одан жоғары көрсеткішпен бітірген түлектер оқуын аяқтағаннан кейін бір жыл ішінде ауылдық және аудандық деңгейдегі басшылық емес лауазымдарға конкурстан тыс орналаса алады. Бұл тәсіл дарынды жастарды мемлекеттік басқару саласына тартуға, сондай-ақ оларды ауылдар мен аудандарға бағыттап, кәсіби әлеуетін ерте кезеңнен дамытуға мүмкіндік береді.

Абай облысында осы мүмкіндік енгізілгеннен бері 36 түлек мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тәртіппен жұмысқа қабылданды.

Сонымен қатар, 2019 жылы Мемлекет басшысының бастамасымен «Президенттік жастар кадр резерві» жобасы іске қосылған болатын. Бүгінгі күнге дейін 2019, 2021, 2023 және 2025 жылдары іріктеу өткізіліп, нәтижесінде резервке жалпы саны 450 азамат қабылданды. Соңғы іріктеу барысында Президенттік кадр резервіне 50 адам іріктеліп алынды. Резервке алынған тұлғалар конкурстық рәсімдерсіз жоғары басшылық лауазымдарға тікелей тағайындалу мүмкіндігіне ие болып, мемлекеттік басқару жүйесінде жинақтаған білімі мен тәжірибесін елге қызмет етуге арнайды.

Сондай-ақ, еліміздің барлық аймақтарында «Өңірлік кадр резерві» жобасы облыстық деңгейде 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Өңірлік кадр резервіне қабылданған азаматтар уәкілетті орган болып табылатын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі негізінде жергілікті атқарушы органдарға конкурссыз тағайындала алады. Абай облысында 2024 жылы аталған резервке алғаш рет іріктеу жүргізіліп, нәтижесінде резервке 25 азамат қабылданды. Бүгінгі таңда олардың 13-і жаңа лауазымдарға тағайындалып, 12-сі басшылық қызметте еңбек етуде.

Бұдан бөлек, 2024 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024 - 2029 жылдарға арналған» жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманың басты мақсаты – жастарды мемлекеттік қызметке ерте кәсіптік бейімдеу және мемлекеттік қызметтің сервистік моделін қалыптастыруға бағытталған.

Осы орайда, ерте кәсіби бағдар беру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта ЖОО мен колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастырылып, мемлекеттік қызметке кадрларды мектеп қабырғасынан бастап даярлау институты іске қосылды. Бүгінгі таңда Департамент бекітілген жоспарға сәйкес 11-12 сынып оқушыларына жәнебітіруші курс студентеріне арналған кәсіби бағдар беру жұмыстарын іске асыруда. Атап айтқанда,дәрістер, мемлекеттік қызметшілермен кездесулер, экскурсиялар, көрмелер, дөңгелек үстелдер мен пікірталастар, интеллектуалды ойындар сынды форматтағы түрлі байқаулар мен шаралар ұйымдастырылуда. Бұндағы негізгі мақсат оқушыларға мемлекеттік қызметтегі негізгі ұғымдар және мемлекеттік билік институттарының құрылымы мен атқаратын мінддеттері жайлы түсінік беріп, болашақ мамандықтарын саналы түрде таңдауға мемлекеттік қызметке тарта отырып, бағыт бағдар беру.

Бұдан басқа, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы да облысымызда қарқынды іске асырылуда. Абай облысы құрылған сәттен бастап бұл мүмкіндікті ауылдық округтерде қызмет атқаратын бірқатар мемлекеттік қызметші пайдаланды. Бүгінгі таңда облысымызда көтермелеужәрдемақысын алған мемлекеттік қызметшілердің саны 104 адамды құрайды, ал тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит алғандардың саны- 24 адам.

Өз кезегінде, Агенттік Төрағасының тапсырмасымен 2023 жылы бастау алған «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасы да жыл сайын аумақтық департаменттер жанынан жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – жоғары оқу орындары мен колледждерінің бітіруші курс студенттерін мемлекеттік қызметке дайындау. Жоба аясында Шәкәрім атындағы университетпен мемлекеттік қызметке дарындарды тарту туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, іріктеуден өткен студенттер Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында арнайы оқу курстарынан өтеді. Курс барысында қатысушылардыңкәсіби дағдыларын дамытуға бағытталған даярлаужүргізіледі. Бұдан бөлек, мектеп аясында мемлекеттік қызметке орналасушы кандидаттар тапсыруы міндетті ҚР заңнамаларын білу деңгейін бағалауға арналған тестілеуіне дайындалады. Тестілеуді сәтті тапсырған тыңдаушылар бір жыл мерзімге таланттар пулына қабылданады.

Жоғарыда аталған тетіктердің барлығы мемлекеттік аппаратты жаңа идеялар мен заманауи басқару тәсілдерін меңгерген жас кадрлармен толықтыруға бағытталған.

Аталған бастамалар мемлекеттік қызмет жүйесіндегі икемді кадрлық құралдар бола отырып, талантты түлектерді мемлекеттік басқаруға тартуда, сондай-ақ тәжірибелі басшылардың әлеуетін тиімді пайдалануда маңызды рөл атқарады. Мұндай тәсілдер мемлекеттік қызмет саласындағы бірыңғай кадр саясатын жетілдіруге және мемлекеттік органдар жұмысының тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті


#қоғам, #Мемлекеттік қызметтер