Семей қаласындағы Мәдениет сарайында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев пен әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.
«Бүгін біз адамға қамқорлық жасауды өмірлік ұстанымына айналдырған, күнделікті еңбегімен қоғамдағы мейірім мен жанашырлықты арттырып жүрген азаматтарға құрмет көрсету үшін жиналып отырмыз. Қаланың дамуы тұрғындардың тұрмыс сапасынан, әр адамның өзін қоғамға қажет сезінуінен көрінеді. Әсіресе, өмірдің күрделі кезеңіне тап болған жанның дер кезінде көмек алып, өз мәселесімен жалғыз қалмағанын сезінуі аса маңызды. Осы жауапты міндетті атқаруда сіздердің еңбектеріңіз ерекше», – деді Әсет Баймұрзаев.
Бүгінде Семей қаласында әлеуметтік салада 600-ге жуық адам еңбек етеді. Ондағы 300-ге жуық маман халыққа қызмет көрсетеді. Олар қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек береді. Қалада тұрғындарды әлеуметтік қолдау бағытында Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Негізгі міндеті – қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету, олардың мәселелерін шешуге жәрдемдесу, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту.
Салтанатты шарада бірқатар қызметкер қала әкімінің Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды.




