Тұғырлы рәміз – тұрақты қоғамның темірқазығы
Мемлекеттік рәміздер күніне орай Семей қаласының Республика алаңында «Тұғырлы рәміз – тұрақты қоғам» атты салтанатты шара өтті. Жиында мемлекеттік рәміздердің ұлт бірлігін нығайтудағы және қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы маңызы ерекше атап өтілді. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, ардагерлер, әскери қызметшілер, желтоқсандықтар, жастар, білім, мәдениет және спорт саласының өкілдері, қала тұрғындары қатысты.

Салтанатты жиын Мемлекеттік Тудың көтерілуі және Қазақстан Республикасының Әнұранының орындалуымен басталды. Қатысушылар ел егемендігінің басты нышандарына құрмет көрсетіп, тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін паш ететін құндылықтарды дәріптеді.

Мерекелік шарада сөз сөйлеген Абай облысының әкімі Берік Уәли мемлекеттік рәміздердің халықтың тарихи жадын, ұлттық болмысын және тәуелсіздік рухын айшықтайтын қасиетті белгілер екенін айтты.
«Мемлекеттік рәміздер – елдік пен егемендіктің, бірлік пен берекенің, намыс пен рухтың көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ту, Елтаңба және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Семей төрінде желбіреген көк туымыз халқымыздың бірлігі мен жарқын болашағының символы болып қала береді», – деді аймақ басшысы.

Облыс әкімі биыл Мемлекеттік рәміздер күнінің Абай облысы үшін айрықша мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылы Республика күні қарсаңында ашылған Республика алаңы өңір тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналса, биыл Наурызнаманың алғашқы күні мұнда алып Мемлекеттік Ту орнатылған. Шара барысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейдегі Бейбітшілік аралында салынып жатқан Рәміздер алаңының құрылысы жөнінде де ақпарат берілді. Солтүстік Қазақстан облысының тартуы ретінде бой көтеріп жатқан жаңа нысанды Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Мерекелік жиын жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты. Патриоттық әндер шырқалып, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу идеясы кеңінен насихатталды.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері 1992 жылғы 4 маусымда бекітілген. Содан бері бұл күн ел тарихындағы маңызды мерекелердің бірі ретінде аталып келеді.
(Суреттер Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды)
#Семей, #Абай облысы, #ҚР Рәміздері күні