Семейде ыстық су 3-ЖЭО салынғанда ғана болады

Семейде ыстық су 3-ЖЭО салынғанда ғана болады

Бұл туралы Семей қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында жылу маусымының аяқталуына байланысты ақпарат берген «Жылукоммунэнерго» МКК директоры Е. Сағындықов айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі.

Қоғам мүшелерінің жазғы уақытта ыстық су бола ма?-деген сұрағына мекеме басшысы екіұшты жауап берді. 

Айтуынша, Семейде 3-ЖЭО салынбайынша, тұрғындарды тұрақты түрде ыстық сумен қамтамасыз ету мүмкін емес. Ал жаңа жылу орталығының жобасы әлі күнге қарастырылуда. Нақты қай уақытта салынатыны белгісіз. 

Сондай-ақ кәсіпорын басшысы жылу маусымының ойдағыдай аяқталғанын жеткізді. Тіпті шамамен 50 мың тонна көмір үнемделген. 

-Жылу беру маусымында тұрғындардан жылудың сапасына шағым азайды. Былтыр 195 арыз-шағым түссе, биыл оның саны 150-ге дейін төмендеді. Төлемақы бойынша қарыз жоқ. Алайда шілде айынан бастап тарифті көтеруді жоспарлап отырмыз,-деді «Жылукоммунэнерго» МКК директоры Еркен Сағындықов.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, қазіргі уақытта тұрғындар мен ұйымдар арасындағы төлемде айтарлықтай айырмашылық бар. – Ұйымдар 10 есе көп төлейді. Тарифтерді 2029 жылға дейін теңестіру жоспарланғанымен, бұл бастама энергетикалық нысандарды жаңғырту бойынша Ұлттық жобаның іске қосылуына байланысты тоқтатылған. 

-Алдағы жылыту маусымында тұтынушылар үшін тариф жоспарлы түрде көтеріледі. Бірақ оның қаншаға өсетіні әзірге белгісіз,-деді кәсіпорын директоры.

10 сәуірден бастап қалаға жылу беру тоқтатылды. Тек Семейдегі «Өңірлік түберкулезге қарсы диспансер» мен «Шульбі кентіндегі психиатриялық аурухананың» өтініштері бойынша жылу 1 мамырға дейін беріледі. Сондай-ақ, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Қарағайлыдағы қазандық 20 сәуірге дейін уақытша жылу беруді жалғастырады. 

Еркен Заманбекұылының айтуынша,Қазіргі таңда қалада 22 жылу көзі жұмыс істеп тұр, бірақ қазандықтарда әлі де жетіспеушілік бар. Әсіресе оң жағалауды жылумен қамту мәселесі күрделі. “Жылукоммунэнерго” жаңғырту жұмыстарын жалғастыруда. Алайда қаржы қажет. Мысалы, турбиналарды қайта құру үшін шамамен бір миллиард теңге қажет. Өткен жылы мердігер ұйыммен келісімшарт бұзылуы себепті, қазір бұл мәселе сотта қаралуда. Биыл қайта құру мәселесі қайта күн тәртібіне қойылып отыр, бірақ қосымша қаржы қажет. Ал қаладағы жылу желілеріне 2 млрд теңге керек. Сондай-ақ биыл бес нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жоспарлануда.

Қоғам өкілдерімен өткен кездесуде айтылған тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: қаладығы ыстық су мәселесін түбегейлі шешу үшін, жаңа жылу электр орталығын салу керек. Ал оның қай уақытта салынатыны әзірге белгісіз. 


#Семей, #Абай облысы, #жылу маусымы