Семейде Қазақстан Республикасының Полициясы күні аталып өтті
Бейбітшілік аралында Қазақстан Республикасының Полиция күніне арналған салтанатты іс-шара өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Семей қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мерекелік жиынға Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев, Семей қаласы полиция басқармасының бастығы Абай Бақтияров, құқық қорғау органдарының ардагерлері мен полиция қызметкерлері қатысты.


Салтанатты шара барысында қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы Қожанбаев полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөліне ерекше тоқталды.

«Бүгінде Семей қалалық полиция басқармасында мыңға жуық қызметкер қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тәулік бойы қызмет атқаруда. Олардың әрқайсысы – өз ісіне адал, кәсіби білікті және антқа берік мамандар. Әсіресе мерекелік және бұқаралық іс-шаралар кезінде полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бар күш-жігерін жұмсайды.
Қоғам тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі жолындағы қажырлы еңбектеріңіз, жоғары жауапкершіліктеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін», – деді қала басшысы.

Мерекелік шара барысында қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, қоғамдық тәртіпті сақтауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға елеулі үлес қосқан бірқатар полиция қызметкерлері Семей қаласы әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Іс-шара мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасып, құқық қорғау саласы қызметкерлеріне арналған ізгі тілектер мен құрметке толы мерекелік көңіл-күй сыйлады.
#Семей, #мереке, #Полиция, #Әділет Қожанбаев