Ерлікті де, өнерді де қатар алып жүрген шекарашы
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық “Жеті қазына” ұлттық мәдениет, спорт және туризм фестивалі биыл ерекше сән-салтанатпен өтті. Соның ішінде көптің назарын аударған жарыстардың бірі – “Ер жігіт” байқауы болды. Бұл додада еліміздің түкпір-түкпірінен келген, ат құлағында ойнайтын, күш пен өнерді, білім мен батылдықты ұштастыра білген 18-35 жас аралығындағы жігіттер бақ сынады. Осы айтулы сайыста ҚР ҰҚК Шекара қызметі Абай облысы бойынша департаменті Семей шекара басқармасының күзет тобының офицері, лейтенант Айдос Тілекұлы Үркімбаев өзінің шеберлігі мен табандылығының арқасында жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл жетістігі үшін ол 5 бас жылқыны марапат ретінде ұтып алды.
«Ер жігіт» байқауы – тек физикалық күшті сынайтын жарыс қана емес, қазақтың ұлттық болмысын, мәдениетін және рухани байлығын насихаттайтын үлкен сахна. Байқау бағдарламасына теңге алу, қазақ күресі, қой көтеру секілді күш сынасулармен қатар, өнер мен білім сайыстары да енді. Бұл әрбір қатысушыдан жан-жақты дайындықты, төзімділікті және тапқырлықты талап етті.
Лейтенант Айдос Үркімбаев сайыстың әр кезеңінде нағыз ер жігітке тән батылдық, төзім және шеберлікті көрсете білді. Ат үстіндегі ойындарда мықтылығын дәлелдеп, күресте қайсар мінезін танытты, ал өнер мен білім бөлімдерінде өз ой-өрісінің кеңдігін паш етті.
Айдос Тілекұлы – шекара күзетінде жүрген нағыз кәсіби офицер. Ол қызметте де, спортта да өзін жоғары деңгейде көрсете білген, жас та болса тәжірибелі маман. Оның бұл жеңісі – жеке жетістік қана емес, бүкіл шекара қызметінің абыройын асқақтатқан оқиға.
– Бұл сайыс мен үшін үлкен тәжірибе болды. Ұлттық ойындар арқылы рухың көтеріледі, ал бәсекелестік сенің мықтылығыңды шыңдайды. Ең бастысы – өзіңді ел алдында, аттың үстінде, дода ортасында көрсете алу, – дейді офицер Айдос Үркімбаев.
«Ер жігіт» байқауы – ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарымызды дәріптеудің жарқын үлгісі. Айдос секілді ержүрек жастардың мұндай жарыстарға қатысып, үздік нәтиже көрсетуі – болашақ ұрпаққа үлгі боларлық іс.
Бұл жеңіс – шекара қызметінде жүрген жігіттердің тек әскери дайындықта ғана емес, ұлттық спорт пен өнерде де озық екенін дәлелдейтін айқын көрініс. Лейтенанттың табысы – нағыз ердің үш қасиеті: күш, өнер және білімнің бір арнада тоғысқанын көрсетеді.
#Абай облысы, #Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл