Қоғам 63 қаралымabaidan.kz

Аягөз ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артты

Аягөз ауданында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артты

2026 жылдың сегіз айында Аягөз ауданында экономиканың негізгі салалары бойынша өсім байқалды. Сонымен қатар жол және инженерлік инфрақұрылым, қоғамдық көлік пен медициналық нысандар жаңартылуда. Бұл туралы ӨКҚ-да өткен брифингте аудан әкімі Айбек Нұғымаров мәлімдеді.

Аудан әкімінің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларында оң динамика сақталуда.

– 2026 жылғы қаңтар–тамыз айларында өнеркәсіп өндірісінің өсу қарқыны 146,1%-ды құрады. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібінде – 149,4%, өңдеу өнеркәсібінде – 112,3%. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 133,4%, құрылыста – 127,8%, бөлшек саудада – 119,7%, көтерме саудада – 125,7% болды, – деді Айбек Нұғымаров.

Сегіз айда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 26,7 млрд теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 36,7 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Биыл 26 шаруа қожалығы 588,4 млн теңгеге 39 бірлік техника сатып алды. Жыл соңына дейін тағы 70 бірлік техника алу жоспарланған. Ауыл шаруашылығын дамытуға 4,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген.

– Мал шаруашылығында да мал басының өсімі байқалады. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында үш кооператив несие алды, – деді аудан әкімі.

Ауданның негізгі жоспарларының едәуір бөлігі инфрақұрылымды жаңартуға бағытталған. Аягөз қаласында жалпы ұзындығы 3,8 шақырым болатын алты көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 27 мың шаршы метр аумақта шұңқырларды жөндеу жұмыстары атқарылуда. Тарлаулы және Қосағаш ауылдарында тиісінше 3,4 және 3 шақырым жол жөнделуде.

– Бозай, Тарлаулы және Емелтау бағыттарындағы көпірлер бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Ақшаулы – Мыңбұлақ – Нарын бағытындағы 15 шақырым жол учаскесін асфальттау 2027 жылға жоспарланған, – деді Айбек Нұғымаров.

Бүгінде ауданның 45 елді мекенінің 43-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Аягөз қаласында су құбыры желілері қайта жаңартылуда, Ақтоғай және Қосағаш ауылдарында су мұнаралары салынуда. Сондай-ақ 2026 жылы 80 пәтер сатып алу жоспарланған.

Қоғамдық көлік саласы да жаңартылуда. Аягөз қаласында бес маршрут жұмыс істейді. Жоспарланған он автобустың сегізі сатып алынып, желіге шығарылды. Әлеуметтік маңызы бар маршруттарды субсидиялауға 171,8 млн теңге бағытталды. Ауданішілік қатынасты 25 ауылды қамтитын жеті «Газель» автокөлігі қамтамасыз етеді.

– Көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, сондай-ақ 70 жастан асқан азаматтарға тегін жол жүру карталары берілді, – деді спикер.

Медициналық инфрақұрылым да дамып келеді. Аудандық көпбейінді орталық аурухана шамамен 63 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Медициналық мекемеде құны 1,8 млрд теңге болатын 10 төсектік жаңа реанимация бөлімі пайдалануға беріліп, МРТ аппараты орнатылды.

– Реанимация бөлімінің іске қосылуы және МРТ аппаратының орнатылуы аудандық орталық аурухананың мүмкіндіктерін кеңейтіп, аудан тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Айбек Нұғымаров.

Әлеуметтік салада жыл басынан бері 2099 жұмыс орны құрылды, оның 1573-і – тұрақты жұмыс орындары. Тағы 11 адам жалпы сомасы 19 млн теңге болатын қайтарымсыз мемлекеттік грант алды. Атаулы әлеуметтік көмекті 354 отбасы алады, мемлекеттік жәрдемақылармен 2213 көпбалалы отбасы қамтылған.

– Санаторий-курорттық емделуге 128,3 млн теңге бөлініп, онымен 253 адам, оның ішінде 13 бала қамтылды. Кедергісіз орта қалыптастыру аясында бейімделуі жоспарланған 20 нысанның 17-сі бейімделді, – деді аудан әкімі.