Алакөлдің Абай жағалауында электр жарығы бір жазда 33 рет өшкен – Ербол Мырзабосынов

Алакөлдің Абай жағалауында электр жарығы бір жазда 33 рет өшкен – Ербол Мырзабосынов

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысында Алакөлдің жағасын бекемдемесе, бірнеше демалыс базасы суға кететінін айтты,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.

- Мемлекет басшысының туристік бағыттардың жай-күйін дұрыстау жөніндегі тапсырмасын орындау үшін Президент әкімшілігі және Үкімет аппаратының инспекторларымен Бурабай, Баянауыл, Катон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл, Маңғыстау курорттық аймақтарына тексеру жүргізілді. Туристік маусымның қызған шағында электр желісінде ақаулар болды. Мысалы, Абай облысындағы Алакөл жағалауында былтырғы туристік маусым кезінде электр желісі 33 рет өшіп қалған. Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда сумен қамтамасыз ету және орталықтандырылған кәріз жүйесі мәселелері әлі де шешілмеген. Суды, соның ішінде ұңғымаларды пайдалану мәселесіне арнайы назар аудару қажет, - деді ол.

Министрдің сөзінше, бұл мәселе әсіресе Алакөл жағалауында аса өзекті болып тұр.

- Алакөлдің екі беттегі жағалауына да жағаны бекіту жұмыстарын жүргізу қажет. Мысалы, Абай облысындағы бірқатар демалыс базалары қауіпті жерде. Оларға су тым жақындап қалған. Осыған байланысты бұл мәселені шешуді кейінгі қалдыруға болмайды, - деді Ербол Мырзабосынов.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралып жатыр. 


#Абай облысы, #Алакөл, #Үкімет, #электр