Абай облысында волонтерлік қозғалыс қарқынды дамып келеді
Абай облысында волонтерлік қызметке қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда өңірде 43 волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың құрамында 5 744 жас бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Абай жастары» жастар ресурстық орталығының директоры Әліби Абдураимов мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, волонтерлер өңірдегі әлеуметтік, экологиялық, мәдени және қайырымдылық бағыттағы жұмыстарға белсенді қатысып келеді.
– Жыл басынан бері облыс бойынша 334 волонтерлік іс-шара ұйымдастырылып, оған 18 мыңнан астам жас қатысты. Алдағы уақытта медициналық, мәдени және төтенше жағдайлар салаларындағы волонтерлік қызметті дамытуға басымдық беріледі, – деді Әліби Абдураимов.

«Ұлттық волонтерлік желі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк волонтерлік қозғалысты дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
– Осы жыл волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылы ретінде ерекше маңызға ие. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар мен азаматтық сектор өкілдерінің қатысуымен кездесулер өткізіліп, волонтерлік қызметті дамытудың жаңа стратегиялық құжаты әзірленіп жатыр. Бұл жұмысқа өңірлердің де ұсыныстары ескеріледі, – деді Татьяна Миронюк.

Еске салсақ, Ұлттық волонтерлік желі өкілдерінің Абай облысына жұмыс сапары аясында оқыту семинарлары мен фокус-топтық кездесулер өткізу жоспарланған. Оның нәтижесінде 2030 жылға дейінгі волонтерлік қозғалысты дамыту тұжырымдамасына өңірлік ұсыныстар енгізілмек.
Мамандардың айтуынша, волонтерлік қызмет жастардың азаматтық белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамдағы өзара көмек пен жауапкершілік мәдениетін нығайтуға да ықпал етеді.