Абай облысында тұтынушылардың құқықтары қорғалуда

Абай облысында тұтынушылардың құқықтары қорғалуда

Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Абай облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 269 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60%-ға өскен.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында департамент басшысы Серікхан Нұртазин баяндады.

– Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты болды. Бұл сала бойынша тұтынушыларға 21 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Сонымен қатар, сапасыз тұрмыстық қызметтер мен онлайн сатып алудағы заң бұзушылықтар бойынша да арыз-шағымдар түсті. Жалпы талап етілген сома шамамен 25 миллион теңгені құрады, оның 85%-ы өтініш иелеріне қайтарылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үштен бір есеге артық, – деді Серікхан Нұртазин.

Сондай-ақ, зауыттық ақауы бар көлік үшін 17,5 миллион теңге қайтарылған. Автосалон тұтынушы талабын бастапқыда орындаудан бас тартқан. Алайда Департамент көмегімен сатып алу-сату шарты бұзылып, қаражат толық көлемде берілген.

– Ішкі сауданы реттеу саласында да белсенді жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері 42 сауда субъектісі тексеріліп, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Негізгі заң бұзушылықтар – шекті сауда үстемесінен асып кету және тауарларға баға көрсетілмеуі. Жалпы салынған айыппұл сомасы 157 мың теңгеден асты, – деп толықтырды спикер.

Сонымен қатар, Департамент түсіндіру және ақпараттық жұмыс жүргізуді жалғастыруда. Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 190-нан астам материал жарияланып, азаматтарды қабылдау, қоғамдық ұйымдармен кездесулер өткізілді. Бұдан бөлек, «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына зертханалық тексерулер жүргізіледі.

Департамент өкілдері облыс тұрғындарына сатып алу кезінде тауар түбіртегін сақтау және қайтару шарттарымен танысып шығу маңызды екенін еске салды. Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда Департаментке жеке жүгінуіне немесе «E-Otinish» платформасы арқылы өтініш беруіне болады.


#қоғам, #тұтынушы