Халықаралық жастар күніне орай Семей қаласында «Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған оқыту семинары ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев, Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Дүйсембаев, қала жастары, жастар ұйымдары мен волонтерлік қауымдастықтардың өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шараның мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, заң мен тәртіптің қоғам өміріндегі маңызын түсіндіру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жас буынды қоғамдық өмірге белсенді араласуға ынталандыру.
Семинар барысында жастардың қоғамдық бастамаларға қатысуы, волонтерлік қозғалысты дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, жас азаматтардың жаңа идеяларын қолдау мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісіп, жастар саясатын дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.

Қала әкімінің орынбасары Әсет Баймұрзаев жастардың қоғам дамуындағы маңызды рөліне тоқталып, олардың білімін, бастамашылдығы мен күш-жігерін ел игілігіне бағыттаудың маңызын атап өтті.
«Сіздердің білімдеріңіз, тың идеяларыңыз, күш-жігерлеріңіз бен батыл бастамаларыңыз – еліміздің жарқын болашағының негізі. Әрдайым биік мақсат қойып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылып, туған қаламыз бен еліміздің дамуына өз үлестеріңізді қоса беріңіздер!», – деді Әсет Баймұрзаев.

Жиында қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заң талаптарын құрметтеу мәселелеріне де ерекше назар аударылды. Өйткені ел болашағын айқындайтын жастар арасында құқықтық мәдениет пен жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі.

«Заң және тәртіп» қағидаты тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ол әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуін, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуін және айналасындағыларға құрметпен қарауын көздейді. Мұндай құндылықтар жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және қоғамдағы өзара сенім мен жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.

Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дархан Дүйсембаев семинардың жастар үшін тәжірибе алмасып, жаңа білім алып, нақты ұсыныстар қалыптастыратын тиімді диалог алаңы екенін атап өтті.
«Бүгінгі семинарды тек ақпарат алмасу алаңы ретінде ғана емес, өзара пікір алмасып, жаңа білім алып, нақты ұсыныстар қалыптастыратын тиімді диалог алаңы ретінде пайдаланайық. Сіздердің белсенділіктеріңіз бен ұсыныстарыңыз «Заң және тәртіп» қағидаттарын жастар арасында кеңінен насихаттауға өз үлесін қосады деп сенеміз», – деді Дархан Дүйсембаев.
Шара барысында жастардың қоғамдық белсенділігі мен волонтерлік бағыттағы еңбегі де назардан тыс қалмады. Белсенді азаматтарға қала әкімінің Алғыс хаттары табысталып, волонтерлік салада нәтижелі жұмыс атқарып жүрген үздік ұйымдар марапатталды.


Жастар күніне орай өткен семинар жас буынның құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың азаматтық белсенділігін күшейтуге, қоғамдық бастамаларға қатысуына және ел дамуына үлес қосуға ынталандыратын маңызды алаңға айналды. Семей жастарының белсенділігі мен жаңа бастамалары алдағы уақытта да «Заң және тәртіп» қағидаттарын берік орнықтыруға және қоғам игілігіне бағытталған жобалардың жүзеге асуына серпін беретіні сөзсіз.





