Үрімшіде «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының инвестициялық қызмет көрсету кеңсесі ашылды
Қытай Халық Республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының әкімшілік орталығы Үрімші қаласында «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның инвестициялық қызмет көрсету кеңсесі өз жұмысын бастады. Бұл қадам Абай облысының инвестициялық әлеуетін халықаралық деңгейде танытуға және Қытай инвесторларымен тікелей іскерлік байланыстарды нығайтуға бағытталған,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі аблыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңсенің ашылу рәсіміне Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысып, жаңа алаң өңірге инвестиция тартуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, Үрімші – Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытудағы маңызды экономикалық әрі логистикалық орталықтардың бірі.
«Осы алаңды ашуға жағдай жасап, ұйымдастырушылық қолдау көрсеткен қытайлық серіктестерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің Абай облысына деген ықыластарыңызды және нақты іскерлік ынтымақтастықты дамытуға дайындықтарыңызды жоғары бағалаймыз. Үрімші – біз үшін маңызды экономикалық және логистикалық орталық. Бұл кеңсенің ашылуы Абай облысында жобаларды іске асыруға мүдделі инвесторлармен, кәсіпкерлермен және компаниялармен тікелей әрі ашық диалог орнатуға мүмкіндік береді», – деді облыс әкімі.
Іссапар барысында Берік Уәли шетелдік инвесторлармен кездесіп, өзара ынтымақтастықты кеңейту, жаңа инвестициялық жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Абай облысы мен Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы арасындағы экономикалық байланыстар жыл сайын нығайып келеді. Екі өңірді байланыстыратын 250 шақырымнан астам мемлекеттік шекара және «Бақты» шекаралық өткізу пункті сауда-экономикалық ынтымақтастықтың негізгі тетіктерінің бірі саналады. Биылғы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Абай облысы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы тауар айналымы 952 миллион АҚШ долларына жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43 пайызға артқан. Ал экспорт көлемі 842 миллион АҚШ долларын құрап, 41 пайызға өсті.

Жаңадан ашылған инвестициялық-сервистік кеңсе Қытай инвесторлары мен кәсіпкерлеріне Абай облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша ақпараттық, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді. Сонымен қатар кеңсе әлеуетті инвесторлардың өтініштерін қабылдап, оларды бастапқы талдаудан өткізіп, жобалық материалдарды әзірлеуге көмектеседі, іскерлік кездесулер ұйымдастырады және ұсыныстарды әрі қарай қарау үшін «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жолдайды. Айта кету керек, бұл кеңсе инвестициялық-сервистік алаң ретінде ғана қызмет атқарады. Ол Қазақстан Республикасының дипломатиялық немесе консулдық өкілдігі болып саналмайды және виза рәсімдеу, рұқсат құжаттарын беру немесе мемлекеттік қолдау шаралары бойынша шешім қабылдау құзыретіне ие емес. Оның негізгі міндеті – инвесторларға сапалы ақпарат ұсынып, Абай облысымен тиімді іскерлік байланыс орнатуға қолайлы жағдай жасау.
#Семей, #кәсіпкерлік, #Қытай, #инвестиция