Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экономика 41 қаралымabaidan.kz

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын жоба

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын жоба

Семей қаласында толық циклді экологиялық ағаш өңдеу өнеркәсіптік паркінің іргетасын қалау рәсімі өтті. «EcoForest» атауымен жүзеге асырылатын ауқымды инвестициялық жобаның жалпы құны 67 миллион АҚШ долларын құрайды. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға және ағаш өңдеу саласына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.

Салтанатты рәсімге Абай облысының әкімі Берік Уәли мен қытайлық «Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжан Ликай қатысты.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын жоба

Облыс әкімі Берік Уәли өз сөзінде инвестиция тарту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған экономикалық саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Абай облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасау, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және жаңа өндірістерді іске қосу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Аймақ басшысы бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың нақты нәтижесі екенін айтты. Былтыр Қытайда өткен «Үлкен Алтай» халықаралық конференциясында басталған келіссөздер бүгінде нақты инвестициялық бастамаға ұласып отыр. Жоба өңірлік үйлестіру кеңесінде қолдау тауып, оны жүзеге асыру үшін қажетті жер телімдері мен мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылған.

Жоба аясында Семей қаласында 50 гектар аумақта толық циклді индустриялық-экологиялық ағаш өңдеу паркі салынады. Сонымен қатар Бородулиха ауданындағы Михайловка ауылында 4 гектар жерге ағашты бастапқы өңдеу кешені бой көтереді.

Семейдегі өндірістік кешен жылына 2 миллион текше метрге дейін ағаш шикізатын өңдеп, 800–900 мың текше метр дайын өнім шығаруға қауқарлы болады. Кәсіпорын құрамында E1, E0 және ENF стандарттарына сай ағаш тақталарын шығаратын зауыттар, OSB және FOSB панельдері өндірісі, жиһаз жасау модулі, термиялық өңделген ағаш өнімдері өндірісі, еуропаллет, ағаш пеллеттері мен биоотын, органикалық тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорындар, сондай-ақ құрылыс-логистикалық орталық жұмыс істейді.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын жоба

Ал Бородулиха ауданындағы кешенде жылына 500 мың текше метр ағаш өңделіп, 120–150 мың тоннаға дейін ағаш пеллеттері өндіріледі. Мұнда ағашты қабылдау, сұрыптау, қабығын аршу, аралау, кептіру және терең өңдеуге дайындау жұмыстары жүргізіліп, дайындалған шикізат Семейдегі негізгі өндірістік паркке жөнелтіледі.

Жоба толықтай қалдықсыз технология қағидатына негізделген. Кәсіпорындарда MDF, OSB және FOSB панельдері, ағаш жаңқалы тақталар, фанера, шпон, инженерлік және әрлеу материалдары, жиһаз дайындамалары, биоотын, ағаш пеллеттері мен органикалық тыңайтқыштар өндірілмек.

Инвесторлардың мәліметінше, кәсіпорын толық қуатына шыққанда 900-ге дейін тұрақты жұмыс орны ашылады. Оның ішінде жұмысшылардың 90 пайызы жергілікті тұрғындар болады. Өндірілген өнім Қазақстан нарығымен қатар Орталық Азия, Еуропа, Жапония, Оңтүстік Корея және басқа да халықаралық нарықтарға экспортталмақ.

«Xinjiang Chunzheng Aosi Trading Co., Ltd.» компаниясының бас директоры Чжан Ликайдың айтуынша, жоба орман алқаптарын санитарлық тазарту, ағашты бастапқы және терең өңдеу, дайын өнім, биоотын мен органикалық тыңайтқыш өндіруді бір жүйеге біріктіреді. Оның негізгі мақсаты – ағаш шикізатының әрбір бөлігін тиімді пайдаланып, өндірістік қалдықтарды барынша азайту.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыратын жоба

 

Кәсіпорынды 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғаннан кейін өңірде ағаш өңдеу өнеркәсібі жаңа деңгейге көтеріліп, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен экспортқа бағдарланған жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге жол ашылады.

Жалпы, биыл Абай облысында құны 131,2 миллиард теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соның нәтижесінде 3263 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ал жыл басынан бері жалпы құны 34,62 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба іске қосылып, 598 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.