Қазақстан Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің аймақтық тобына кірді
Қазақстан атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзінің позициясын нығайтып жатыр. Венада өткен Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің басқарушы кеңесінің отырысында Қазақстанның Агенттіктің Қиыр Шығыс аймақтық тобына қосылғаны ресми түрде жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап abaidan.kz хабарлайды.
“Бұл шешім Қазақстанға ХАЭА басқарушы органдарының жұмысына толыққұқылы қатысуға мүмкіндік береді” , — делінген еліміздің сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
2021 жылдан бері Қазақстан ұйымға мүше барлық елдердің тең құқылығын қамтамасыз ету принципін жүйелі түрде ілгерілетіп келеді.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, жаңа аймақтық топқа қосылу — 2023 жылғы 29 қыркүйекте Қазақстан бастамасымен ХАЭА Бас конференциясында қабылданған резолюцияның нәтижсі. Аталмыш құжат ХАЭА жұмысына елдердің тең қатысуын оның жарғысына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.
Аймақтық топқа қосылу Қазақстанға ХАЭА-нің негізгі басқарушы органдарының жұмысына толыққанды қатысу мүмкіндігін ашады. Бұл әсіресе ұлттық атом энергетикасын дамыту, төмен көміртекті генерация жобаларын іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде өзекті.
Сонымен қатар Қазақстан жаһандық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, таратпау режимін нығайтуға және қарусыздандыру саласындағы бастамаларды ілгерілетуге дайын екенін қайта растады. Осылайша осы саладағы халықаралық диалогтың ең белсенді қатысушыларынан біріне айналды.