«Абай елінен сарқыт»: Семейде креативті – әлеуметтік кеңістік дүкені ашылды

«Абай елінен сарқыт»: Семейде креативті – әлеуметтік кеңістік дүкені ашылды

Семей қаласында ерекше әлеуметтік жоба – «Абай елінен сарқыт» креативті-әлеуметтік кеңістік дүкені өз жұмысын бастады. Бұл кеңістік – ұлттық дәстүр мен заманауи кәсіпкерлікті үйлестіре отырып, жергілікті өнімдерге деген сұранысты арттыруға бағытталған жаңа форматтағы алаң.

Жобаны «ADAL AS Trade» компаниясы мен Абай облысы кәсіпкерлер палатасы бірлесіп жүзеге асыруда. Дүкен сөрелерінен өңірде өндірілетін экологиялық таза тағам өнімдері, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар мен қолөнер шеберлерінің ерекше бұйымдарын табуға болады.

«Абай елінен сарқыт» – бұл жай ғана сауда орны емес. Бұл – біздің мәдениетімізді, ұлттық болмысымызды және кәсіпкерлік әлеуетімізді заманауи формада таныстыратын платформа. Әрбір өнім – бір ауылдың, бір отбасының еңбегі мен жүрек жылуы. Біздің мақсат – ауыл кәсіпкерлеріне нарыққа шығуға жол ашып, шынайы отандық өнімнің қадірін арттыру»,-дейді «ADAL AS» компаниясының Құрвлтайшысы Ермек Мезібаев.

«Абай елінен сарқыт» креативті – әлеуметтік кеңістік дүкені 2023–2025 жылдары мемлекеттік грант иегерлерімен тығыз серіктестік орнатқан ерекше әлеуметтік жобалардың бірі. Соңғы үш жыл ішінде Абай облысында 400 айлық есептік көрсеткіш (МРП) көлемінде 600-ден астам мемлекеттік грант беріліп, ұлттық бағыттағы шағын кәсіпкерлік қарқынды дамуда. Бұл қолдаудың нәтижесінде экологиялық таза тағам, қолөнер бұйымдары мен отандық кәдесыйлар өндірісі жолға қойылып, жергілікті өнімдерге деген сұраныс артып отыр.

Жоба аясында 50-ге жуық жергілікті кәсіпкермен әріптестік орнатқан. Олардың ішінде «Бір ауыл — бір өнім» байқауына қатысушылар мен жеңімпаздардың, 40-қа жуық кәсіпкердің өнімдері тұрақты түрде дүкен сөрелерінен орын алып, тұрақты сатылымға шығарылуда. Бұл дүкен тек сауда орны ғана емес, сонымен қатар жаңа бизнес иелеріне нарыққа шығуға, өнімдерін танытуға және тұтынушымен байланыс орнатуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналған. 

Басты мақсат: ауыл мен әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау, Ұлттық дәстүр мен мәдениетті жаңғырту, шағын бизнесті нарыққа бейімдеу және жергілікті өнімдерді туристік брендке айналдыру.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Мақсат Сүйчинов – өз сөзінде бұл жобаның болашаққа деген сенімді үміттің бастауы екенін атап өтті:
«Қарапайым ауыл кәсіпкерінің еңбегі бағаланып, тұтынушымен тікелей табысып жатса – бұл үлкен жетістік. “Абай елінен сарқыт” дүкені арқылы біз тек өнім сатып жатқан жоқпыз, біз бірлікті, еңбекқорлықты, отансүйгіштікті насихаттап отырмыз. Бұл жоба – баршамыздың ортақ құндылықтарымыздың айғағы».

Жобаның ашылу салтанатына ел көлеміндегі және шетелдік бірқатар беделді тұлғалар қатысты. Бұл бастама – ұлттық құндылықтар мен заманауи кәсіпкерлікті тоғыстыра отырып, өңір халқының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететінін көрсетті.

Ашылу салтанатына қатысқан меймандар қатарында:

  • Ерлан Өмірзақ – ҚР Жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің өкілі
  • Айдар Садырбаев – «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалының төрағасы
  • Сүйчинов Мақсат Әнуарбекұлы – «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі;
  • Ахикаса Харагучи – JICA бас кеңесшісі (Жапония)
  • Наргиз Еркінбаева – «Бір ауыл – бір өнім» жобасының Қырғызстандағы жетекшісі
    және басқа да кәсіпкерлік саласының өкілдері мен қоғам белсенділері бар.

«Абай елінен сарқыт» – шынайы отандық өнімнің қадірін арттырып, жергілікті өндіруші мен тұтынушы арасындағы алтын көпірге айналатын тың жоба.


#Семей, #Абай облысы, #Адал Ас, #"Атамекен" кәсіпкерлер палатасы