Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экология 23 қаралымabaidan.kz

Абай облысында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді

Абай облысында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді

Абай облысында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық заңнама талаптарының сақталуы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Экология департаментіне мемлекеттік қызмет көрсету бойынша 469 жоба келіп түскен. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Серік Сарбасов мәлімдеді.

Абай облысында экологиялық заңнама талаптарының сақталуына бақылау күшейтілді

Департамент басшысының айтуынша, есепті кезеңде I санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат беру бойынша 23 өтініш келіп түсіп, өткен жылдан қалған 5 өтініш те қаралған. Нәтижесінде 10 рұқсат беріліп, 6 өтініш бойынша бас тарту туралы шешім қабылданған.

— Мемлекеттік қызмет көрсету бағытында негізгі жұмыстар «Е-лицензирование» порталы арқылы жүргізіледі. Бірінші жартыжылдықта департаментке барлығы 469 жоба келіп түсті. Бұл ретте экологиялық рұқсат беру және қоршаған ортаға әсерді бағалау бағытындағы өтініштер басым, — деді Серік Сарбасов.

Экологиялық бақылау бағытында жыл басынан бері 20 тексеру жүргізілген. Оның нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарының 44 бұзушылығы анықталып, оларды жою туралы нұсқамалар берілген.

— Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 66 іс қозғалып, 54 іс бойынша 40,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Бүгінде берілген 14 нұсқаманың 8-і орындалды. Сондай-ақ салынған айыппұлдардың 45 іс бойынша 38,7 млн теңгесі мемлекет кірісіне өндірілді, — деді департамент басшысы.

Семей қаласындағы ірі кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін төмендету мәселесіне де ерекше назар аударылуда. «Семей цемент зауыты», «Теплокоммунэнерго» және «Силикат» кәсіпорындарында өндірістік жабдықтарды жаңғырту және шығарындыларды азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

— Кәсіпорындарда қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға бағытталған нақты шаралар іске асырылуда. Мәселен, «Семей цемент зауытында» шаң ұстағыш жабдықтар жаңартылып, «Теплокоммунэнерго» кәсіпорнында қазандықтарды қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл шаралар атмосфераға шығарындылар көлемін төмендетуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті спикер.

Бұдан бөлек, облыста автоматтандырылған мониторинг жүйесін енгізу жұмыстары жалғасуда. Экологиялық заңнамаға сәйкес мұндай жүйені 6 кәсіпорын орнатуға міндетті. Қазіргі таңда «Семей цемент зауыты» және «SHARCEM» ЖШС-де жүйе жұмыс істеп тұр, «Востокэнерго» ЖШС-де енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар облыс аумағында заңсыз қоқыс орындарын анықтау және жою жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геопорталының деректері бойынша 137 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 111-і жойылған.

— Санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары да жалғасуда. Өңірде аталған жұмыстарға 305 мыңнан астам тұрғын қатысып, 36 мың аула мен 991 саябақ және сквер аумағы тазартылды. Полигондарға 48 569 тонна қоқыс шығарылып, жоспарланған 67 мың көшеттің 60 мыңы отырғызылды, — деп қорытындылады Серік Сарбасов.