Үкімет Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретін кеңейтті
Қазақстан Үкіметі 2025 жылғы 21 шілдедегі қаулымен Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізді, - деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі kaz.inform.kz сілтеме жасап.
Құжатқа сәйкес, министрліктің құзыреті кеңейтілді. Атап айтқанда, ведомствоға келесі ережелерді бекіту бойынша өкілеттік берілді:
- медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беру ұйымдарының тізімін қалыптастыру;
- денсаулық сақтау саласындағы аккредиттеу, аккредиттеуден кейінгі мониторинг жүргізу және аккредиттеу туралы куәлікті қайтарып алу;
- жүкті және босанған әйелдердің өлім жағдайы, жоспарлы медициналық көмек кезінде пациенттердің кенеттен қайтыс болуы туралы шұғыл ақпарат ұсыну;
- тәуелсіз сарапшылар тізімін жүргізу;
- бірыңғай медициналық ақпараттық call-орталықтың қызметін ұйымдастыру;
- Пациент дертінің шұғылданатын кәсібімен байланысы барын орнату;
- медициналық қалдықтарды есепке алу және жұқпалы аурулар мен улану жағдайы туралы жедел хабарлама;
- бала күтіміне байланысты демалыстағыларды гигиеналық оқыту;
- санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу кезінде мемлекеттік органдардың өзара әрекеттестігі;
- патогенді микроағзалардың өндірістік коллекцияларын қалыптастыру және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат беру;
- тәуекелді тәсілді ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сапаны бақылау үшін нарықтан іріктеу;
- азаматтарды алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету және шұғыл жағдай тізбесін бекіту;
- кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулығын қорғау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру;
- психикалық бұзылыстары бар адамдарды динамикалық бақылау;
- трансплантация кезінде тіндердің иммунологиялық сәйкестігін анықтау және HLA-зертханаларының қызметі;
- жасанды органдар мен тіндерді трансплантациялау;
- клиникалық базаларды, университеттік ауруханаларды және интеграцияланған медициналық орталықтарды ұйымдастыру.
Сондай-ақ министрлік келесі мәселелерді бекітеді:
- дәрі-дәрмекті сауда атаулары бойынша бөлшек және көтерме саудадағы шекті бағасын;
- ұзақ мерзімді шарттар аясында бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алынатын дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар тізбесін;
- алғашқы көмекті көрсету стандарттары және тиісті фармацевтикалық тәжірибе стандарттарын;
- дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек сату ережелерін;
- фармацевтикалық инспекторларды тіркеу және инспекциялау ережелерін.
Одан бөлек, бірқатар өкілеттіктің жаңа редакциясы ұсынылған. Оның ішінде:
- тексеру парақтарын, тәуекел дәрежесін бағалау критерийлерін және тексеру кестелерін бекіту;
- Тегін мемлекеттік кепілдендірілген медициналық көмек пен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың бағасын реттеу;
- медициналық ұйымдар үшін үлгілік штаттар мен штаттық нормативтерді бекіту;
- медицина қызметкерлерінің үздіксіз кәсіби дамуы нәтижелерін растау;
- денсаулық сақтау қызметкерлерінің мамандықтар номенклатурасы мен біліктілік сипаттамаларын бекіту;
- денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын қалыптастыру.
Қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.