Мақаншы ауданында жаңа медициналық-фельдшерлік пункт ашылды
Мақаншы ауданында тағы бір маңызды әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді,-деп хабарлайды abaidan.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Барлық-Арасан ауылында заманауи талаптарға сай салынған жаңа медициналық-фельдшерлік пункт өз жұмысын бастады. Ауылда 100-ден астам тұрғын тұрады. Жаңа нысан ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті сапалы әрі қолжетімді түрде көрсетуге мүмкіндік береді.

Медициналық нысан «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық бағдарламасы аясында салынды. Бағдарлама шеңберінде аудан бойынша 8 амбулаториялық және медициналық-фельдшерлік пункт бой көтерді. Фельдшерлік пунктте тұрғындарды қабылдау, алғашқы тексеру мен жеңіл медициналық қызмет көрсетуге арналған қажетті кабинеттер қарастырылған. Нысан ауылдағы медициналық қызметтің сапасын жақсартуға бағытталған.

Жаңа ғимарат заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда нейбулайзер, электрокардиограф, дефибриллятор, магнитотерапия аппараты, спирометр және жоғарғы тыныс алу жолдарын емдеуге арналған ультракүлгін құрылғылар орнатылған.
Жаңа ғимараттың ашылу рәсіміне Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин қатысып, ауыл тұрғындарын медициналық пункттің ашылуымен құттықтап, нысанның халық денсаулығын жақсартудағы маңызын атап өтті.
#Денсаулық, #Абай облысы, #Мақаншы ауданы