Семейлік зияткер Ақорда төрінде марапатталды
Семей қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әкежан Асқар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды,-деп хабарлайды abaidan.kz НЗМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімінде дарынды жастарға шынайы ризашылығын білдіріп, топ жарған тарландарды білім әлеміндегі жеңістерімен құттықтады.
Әкежан Асқар – 27 шілде мен 3 тамыз аралығында Боливияның Сукре қаласында өткен International Olympiad in Informatics (IOI-2025) халықаралық олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған болатын. Бұл жарыс әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пән олимпиадасының қатарына енеді. Президент дарынды оқушыға 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай сыйақы сертификатын табыстады.
Семейлік зияткер үшін өткен оқу жылы өте табысты болды. Ол бірқатар республикалық және халықаралық Жәутіков, Еуразиялық олимпиадаларда жоғары нәтиже көрсетіп, алтын медаль иеленген болатын.
Бұл жетістік – зияткеріміздің тынымсыз еңбегі мен табандылығының, ұстаздар мен ата-ана қолдауының және тәлімгер кәсібилігінің нәтижесі.