Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Білім 77 қаралымabaidan.kz

Ғалым Айымның жаңа белесі

Ғалым Айымның жаңа  белесі

Халықаралық жастар күні қарсаңында облыс көлемінде білімге, ғылымға және жаңа идеяларға ұмтылған жастарға қолдау көрсету дәстүрі жалғасын тапты. Облыс әкімі Берік Уәли жас буын өкілдеріне «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын салтанатты түрде табыстады.

Биыл «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты Абай облысында жеті бағыт бойынша берілді. Байқауға барлығы 74 өтінім түскен. Биылғы конкурстың ерекшелігі – жастардың ғылыми ізденістерін қолдауға мүмкіндік беретін «Ғылым» және «Экология» бағыттарының алғаш рет енгізілуі. Грант иегерлерінің қатарында Шәкәрім университетінің «Техникалық физика» білім беру бағдарламасының екінші курс докторанты Айым Леонидова да бар.

Жас зерттеуші байқауға жылу энергетикасы саласындағы өзекті мәселелердің бірін шешуге бағытталған ғылыми жобасын ұсынған. Оның жобасы «Абай облысындағы ЖЭО батареялық циклон элементтерінің ресурсын арттыру үшін электрдоғалы бүрку әдісімен жағылатын тозуға және коррозияға төзімді жұқа қабатты қорғаныш жабындарды әзірлеу және зерттеу» деп аталады.

Жоба атауының өзі оның ғылыми бағыты мен практикалық маңызын аңғартады. Қарапайым тілмен айтқанда, зерттеу жылу электр орталықтарындағы күл ұстағыш қондырғылардың жұмыс істеу мерзімін ұзартуға бағытталған.

Жалпы жылу энергетикасы нысандарында күлі көп көмірдің жағылуы өндірістік жабдықтардың тозуын жеделдетеді. Әсіресе, батареялық циклондардың ішкі элементтері эрозиялық, коррозиялық және абразивтік әсерге ұшырайды. Мұндай тозу уақыт өте келе жабдықтың жұмыс тиімділігіне әсер етіп, оны жөндеуге немесе ауыстыруға қосымша шығынды қажет етеді.

Айым Бауыржанқызының зерттеуінде осы мәселені материалтану және заманауи технологиялар арқылы шешудің жолы қарастырылады. Ғалым пайдаланылған батареялық циклоннан алынған үлгілердің микроқұрылымын, коррозия мен эрозияның тереңдігін зерттеп, материалдың қандай жағдайда және қаншалықты тозатынын анықтайды.

Зерттеудің негізгі жаңалығының бірі – қорғаныш жабындысын өте жұқа қабат түрінде қалыптастыру. Электрдоғалы бүрку технологиясы арқылы қалыңдығы шамамен 150–300 микрометр болатын тозуға төзімді жабын жасау көзделген. Бұл жерде жұқа қабаттың маңызы зор. Өйткені циклонның ішкі арналарына тым қалың жабын жағу газ ағынының аэродинамикасын өзгертіп, қондырғының қалыпты жұмысына кері әсер етуі мүмкін екен.

Сондықтан жас ғалымның зерттеуі бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, оның артында нақты өндірістік мәселені шешуге бағытталған күрделі ғылыми міндет тұр.

«Жобаның бірнеше міндеті бар. Біріншіден, жеткізілген пайдаланылған батареялық циклон секциясынан зертханалық үлгілер алып, бұзылу сипатына кешенді талдау жүргізу қажет. Екіншіден, болат 3-пен адгезиялық үйлесімділігін ескере отырып, қолданылатын сымдардың құрамын негіздеу маңызды. Үшіншіден, қалыңдығы 150–300 микрометр болатын жұқа жабындарды алу үшін электрдоғалы бүрку параметрлерін оңтайландыру көзделеді. Төртіншіден, алынған жабындардың микрокаттылығын, адгезиялық беріктігін және абразивтік төзімділігін зертханалық жағдайда сынақтан өткіземіз»,- дейді жас ғалым  А.Бауыржанқызы.

Жас ғалымның айтуынша, зерттеудің түпкі мақсаты – жылу энергетикасы нысандарындағы жабдықтардың қызмет ету мерзімін ұзартып қана қоймай, өндірістік шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін технологиялық шешім ұсыну.

Бұл тұрғыдан алғанда, «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – жас зерттеушінің жеке жетістігі ғана емес, ғылыми идеяның іс жүзінде жүзеге асуына жол ашатын зор мүмкіндік. Әсіресе биыл байқау аясында «Ғылым» бағытының алғаш рет енгізілуі өңірдегі жас ғалымдардың ізденісіне жаңа серпін беріп отыр.

Шәкәрім университетінде білім алып, ғылыми зерттеу жүргізіп жүрген Айым Леонидованың жетістігі – университет жастарының ғылымға деген қызығушылығы артып келе жатқанының бір көрінісі. Бүгінде жас зерттеушілердің ғылыми ізденісі өңір экономикасы мен өндірісінің нақты мәселелерін шешуілуі үшін де маңызды.

Айымның жобасы да осы үрдістің бір мысалы деуге әбден болады.