Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Білім 27 қаралымabaidan.kz

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Абай облысында жаңа оқу жылына дайындық мәселелері мен білім беру саласының өзекті бағыттары талқыланған тамыз конференциясы өтті. Жиын барысында өңірдің білім саласындағы жетістіктері сараланып, үздік ұйымдар мен салаға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Облыс әкімі Берік Уәли конференция аясында «Үздік ұйым» байқауының жеңімпаздарын құттықтап, білім беру ұйымдарына қаржылай сертификаттар табыстады. 

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыруға, адами капиталды дамытуға, цифрлық сауаттылықты жетілдіруге және жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға ерекше мән беріп келеді. Сондықтан біздің міндетіміз – әр мектепті заманауи технологияларға бейімдеу, әр педагогтің цифрлық құзыретін арттыру және әр оқушының жаңа технологияларды ел игілігіне пайдалана алатын деңгейге жетуіне толық жағдай жасау. Хакім Абай айтқандай: “Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің бәрі – бос сөз”. Қазіргі заманда тек біліммен ғана жарыса алатынымызды, осы білім арқылы ғана оза алатынымызды саналарына сіңіруіміз керек», – деді облыс әкімі.

Байқау қорытындысы бойынша Аягөз ауданындағы №5 жалпы орта білім беретін мектебі, Семей қаласындағы №22 жалпы орта білім беретін мектеп-лицейі, Ақсуат ауданындағы Сасан би атындағы орта мектеп, Абай ауданындағы жалпы білім беретін Қарауыл гимназиясы, Бесқарағай ауданындағы Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектеп және Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешені үздіктер қатарынан көрінді.

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Марапаттау рәсімінде ұстаздар мен білім беру саласының мамандарына да ерекше құрмет көрсетілді. Салаға ұзақ жылдар бойы еңбегі сіңген азаматтарға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» медалі, «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі, «Еңбек ардагері» медалі, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғысы табысталды.

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Сондай-ақ «Арнайы білім беру ісінің үздігі» төсбелгісі, «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі және облыс әкімінің Алғыс хаттары білім саласының бірқатар өкілдеріне берілді. Бұл марапаттар ұстаз еңбегінің жоғары бағаланатынын және білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың маңыздылығын айқындады.

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Конференция барысында білім берудің жаңа мүмкіндіктері мен заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу мәселелеріне де басымдық берілді. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Дидар Асқарқызы, «Bilim Group» білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша ұлттық жобаның жетекшісі Мағжан Аманғазы, BINOM School мектебінің директоры Кемелбек Берікболсын, Жарма ауданындағы Абай атындағы мектеп-балабақша кешенінің директоры Меруерт Бейсембаева және Абай облысы бойынша балалар мен жасөспірімдер қозғалысының көшбасшысы Еділ Төкен баяндама жасап, білім саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісті.

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Жиын барысында жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу, заманауи оқыту әдістерін жетілдіру, мектептердің даму бағытын айқындау және оқушылардың жан-жақты қабілетін дамыту мәселелері қозғалды.

Тамыз конференциясы – педагогтер қауымының басын қосып, өткен оқу жылындағы нәтижелерді саралап, алдағы міндеттерді белгілеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Биылғы жиында да Абай облысының білім беру саласын дамытуға бағытталған бастамалар мен озық тәжірибелер кеңінен талқыланды.

Абай облысында білім саласының үздіктері марапатталды

Марапатқа ие болған білім ұйымдары мен сала үздіктерінің жетістігі – өңірдегі білім сапасын арттыру жолындағы жүйелі еңбектің нәтижесі. Ал жаңа технологиялар мен инновациялық тәсілдерді білім беру үдерісіне енгізу алдағы уақытта да саланың басты басымдықтарының бірі болмақ.